29.11.2023, 12:16
Оқылды: 9

Тайғақта құлаудың әдісі бар: төтеншелік лайфхактар ұсынады

Өткен аптадағы аласапыран боран мен қар адамның да, шұғыл қызметтердің де қысқа дайындығын тексеріп өтті. Алдын ала тұрғындарға хабарламалар келіп, төтенше жағдайлар, полиция қызметтері үйден шықпау, сақ болу жайында ескерткенімен, Теректі ауданында оқыс оқиға болды. Ақжайық ауылының 62 жастағы тұрғыны боранда адасып, мүрдесі табылған еді. Өкінішті.

«Қыстың көзі қырау» деген, қарлы-боранды күндері төтенше жағдайлар болып тұратын мезгілде адам сақ болмаса, қауіп аяқ астынан. Сондықтан қыста ұялы байланыс операторлары арқылы телефоныңызға 112 нөмірінен келіп түскен SMS–ақпаратты назардан тыс қалдырмаңыз.

1

Біз бүгін қыстың күні қауіпсіз болуы үшін Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығы Жарас Көпжасаров берген кеңестерді  ұсынамыз.

Тайғақта құлаудың әдісі бар

Жаңбырдың артынан аяз ұрса, кеше ғана жүріп өткен жолымыз айнадай жарқырап, көктайғаққа айналды. Мұндайда алаңсыз адымдай да алмайсыз.

Көктайғақ, расымен де қауіпті-ақ. Соның салдарынан мертігіп жатқандар да кездеседі. Бұл кезеңде жол-көлік апаттары мен адамдардың жарақат алу деңгейі өседі.

Жалпы көктайғаққа қалай дайындалу керек? Егерде ауа райының болжамында көктайғақ немесе көк мұз туралы хабарлама берілсе, зақым алу мүмкіндігін төмендету шараларын қабылдаңыз. Аз сырғанайтын аяқ киім дайындаңыз, өкшесіне металл тоқпақ немесе поролон, құрғақ лейкопластырь немесе ажыратушы таспа жабыстырыңыз. Сондай-ақ аяқ киім табанын құммен сүртуге болады (зімпара қағазымен).

Көктайғақ кезінде аяқты аздап босаң ұстау керек. Үлкен кісілерге резеңке ұшы бар немесе үшкір басы бар арнайы таяқты пайдалану ұсынылады. Егер сіздің аяғыңыз тайып кетсе, құлау биіктігін төмендету үшін отыра қалыңыз. Құлаған сәтте жиналуға тырысыңыз және домалап, жерге соққыны төмендету керек.

Ал автокөлік жүргізушілері көктайғақ күндері мейілінше мұқият болғаны абзал. Автокөлікте қыста жүруге арналған арнайы дөңгелектер болмаса, жолға шықпаңыз. Бұл тек сіздің ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін міндетті.

Жұқа мұз жарылып кетеді

Ауа райының күрт салқындауына байланысты өзен-көл, су айдындарының бетін қабыршақ мұз жаба бастады. Сырғанақ тебем деген балалар, балық аулаймын ересектер мұз үстіне шығады. Әлі жұқа мұз салмақ көтермей, жарылып, адам суға кетуі әбден мүмкін. Автокөлік немесе шаңғылы көлікпен тексеріп алмай, мұз үстіне шықпаңыз.

3жука муз

Айдын үстіндегі (мұздағы) қайғылы жағдайлардың алдын алу және оған душар болмау  үшін төмендегі қарапайым ережелерді қатаң сақтау керек:

- жұқа, әлі берік қатпаған мұздың үстіне шықпаңыздар;

- мұз үстіне топ болып жиналмаңыздар;

- мұз бетіндегі ойықтарға, жарықтар мен жыраларға жақындамаңыздар;

- тік жарлардан жұқа мұзға шанамен, шаңғымен сырғанамаңыздар;

- тиым салынған жерлерден мұз үстімен өтпеңіздер;

- іңір байланғанда  және қараңғыда мұзға шықпаңыздар;

- өткелден тыс жерлерден мотоцикл, автокөліктермен жүрмеңіздер.

Алдымызда қыстың алғашқы айы. Дегенмен желтоқсанның алғашқы жартысында әдетте мұз жұқа болады. Мұзбен жүрмей тұрып, оның беріктігін сүйменмен соғып тексеру керек. Берік мұз 2-3 соққыдан кейін ғана тесіледі. Мұздың беріктігін аяқпен теуіп тексеруге болмайды. Мұз мықтылығына сенімсіз болсаңыз, онымен абайлап жүру керек, аяқты жылжыту арқылы және табанмен түгел біруақытта басып жүріңіз және де мұздың оқыс жарылуына дайын болу қажет. Жәй жүрген кезде мұз сирек сынады. Әдетте, мұз жарыларда сытырлайды, сыртқы түрі өзгереді және бетіне су шығады. Бұндай үрейлі белгілер білінген кезде, келген ізбен  аяқты мұзбен жылжыта жүру арқылы кері қайтқан дұрыс.

Шаңғымен мұз үстімен өтер болсаңыз, қауіпті жағдайда тез босап кету үшін шаңғының бекіткіштерін ағытып, шаңғы таяқтарының ілмектерін қолдан босатып қойыңыз. Бірақ шаңғыны түгел шешіп тастамау керек, ол адамның мұзға түсетін салмағын жеңілдетеді. Адамдар мұз үстімен топтасып жүріп өткен кезде бірінің соңынан бірі, 5-6 метр ара қашықтығын сақтап тізбекпен жүрулері керек. Топ басында тәжірибелі адам жүруі тиісті және ол міндетті түрде ұзын арқан және құтқару жилетімен сақтандырылған болу керек.

Мұздай суда тәжірибелі, денсаулығы мықты адамның өзі жалпы денесі салқындауы әсерінен бірнеше минут ішінде өліп кетеді.

Егер сіз оқыстан мұзды суға түсіп кетсеңіз, ең маңыздысы – үрейге бой бермеңіз.

Басыңызды суға батырмау үшін қолдарыңызды тез екі жаққа кең жайып тұрыңыз. Мүмкіндігінше су мұздың астына қарай тартпайтын жерге жылжыңыз. Мұндағы ең маңызды әдіс - дененің барлық салмағын кең  жерге шығарып тіреп тұрып, көтеріліп, жанына қарай домалау. Мұз бетіне шашыраған су тайғанақ жасап, қолмен жұмыс жасауға кедергі болады. Кейбір балықшылар осындай жағдайда көмек үшін бір-екі үлкен шеге алып жүреді.

Судан шығарған адамды мықты мұздың үстінде немесе жағалауға жеткізіп, суланған киімді тез арада сығып алу керек. Ық жер тауып алып, қолда бар  заттардан уақытша баспана жасап алыңыздар. Адамды жылытудың ең қолайлы әдістерінің бірі - суланған киімді шешіп, өзің де шешініп тоңған адамды қасыңа алып ұйқы қабының (спальный мешок) ішіне жату. Полиэтилен пленкасы болса да жақсы болады, онымен тоңған адамды орап тастаса, ол өзінен-өзі буланып жылынады. Содан кейін ыстық сусын ішкізіп, тәтті беру керек. Алкоголь ішімдіктерін мүлде беруге болмайды, себебі қантамырлар кеңейіп, дене қызуы төмендей береді. Жергілікті жерді бағдарға алып, жағдайды бағалап алдағы іс-әрекеттерді ойластырыңдар.

Боранды күні далада қалсаңыз...

Егер Сіз қатты бұрқасын болатыны туралы ескерту алсаңыз, терезе-есіктерді, шатыр жаппаларын және желдеткіш тесіктерін тығыз жабыңыз. Екі тәулікке жететіндей су және азық-түлік, дәрі-дәрмек қорын, автономды жарық (керосин шам, шырағдан), тасымалданатын пеш, батарейкалы радиоқабылдағыш дайындап қойыңыз. Радиоқабылдағыш пен теледидарды қосып қойыңыз, олар арқылы жаңалықтар хабарлануы мүмкін. Электр қуатының сөнуіне дайын болыңыз. Қарды тазалау үшін құрал-саймандар дайындап қойыңыз.

Қатты бұрқасында тек төтенше жағдайларда ғана ғимараттардан шығыңыз. Отбасы мүшелеріне немесе көршілеріңізге қайда бара жатқаныңызды және қашан келетініңізді ескертіңіз. Автокөлікпен тек үлкен ауылдардың жолдарында немесе тас жолдарда жүруге болады.

Егер де автокөлікпен қатты бұрқасын кезінде тұрып қалсаңыз көліктен шыққан кезде көз көрерлік жерден алыс кетіп қалмаңыз. Жолда тоқтап ауық-ауық дабыл қағыңыз, капотты көтеріп немесе антеннаға ашық түсті мата тағып қойыңыз. Көмекті көлікте отырып күтіңіз. Желдету және газбен уланып қалмас үшін көлік терезесін ашыңқырап қойыңыз.

Егер де бағытты жоғалтып алсаңыз, елді мекеннен тыс жерде жаяу жүріп бірінші кездескен үйге кіріп, тұрған жеріңізді анықтаңыз және мүмкіндігінше, бұрқасынның тоқтағанын күтіңіз.

Егер де Сіз қатты қарлы боран кезінде қар қоршауында қалып қойсаңыз, абайлап, үрейленбей алдымен қарлы боранның астынан шығу мүмкіндігін анықтаңыз (қолда бар құрал–сайманды пайдаланыңыз).

Егер өз күшіңізбен қардан шыға алмасаңыз, Төтенше жағдай органдарына немесе елді мекеннің әкімшілігіне және де 101 және 102  шұғыл байланысына хабарласуға тырысыңыз.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале