16.06.2020, 15:58
Оқылды: 48

Тасқалада «Жасыл елдің» жаңа маусымы басталды

2005 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстар аз емес. Ол талай жастың басын қосып, бір іске бірігулеріне жағдай жасады.

Жасыл ел (3)

Тасқала ауданы көлемінде жұмыс жасаған жастар жасағы қатарында студенттер еңбек етуде.

–  «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз мақсатынан тайған емес. Қаншама студенттерiмiз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып, туған жерлеріне қызмет жасауда. Бiр жағынан, елiмiздi гүлдендiруге, көгалдандыруға атсалысса, екiншiден әрбiр жастың бос уақытын игі іске жаратып жатқаны қуанарлық жайт. Жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жатқан жастар «Жасыл ел» қатарындағы жұмыстарын 1 маусым күні бастап кетті. Ауданда да бұл бағдарлама жыл сайын іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде биыл 40 сарбазды жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз. Сарбаздар маусым мен шілде айларында кезекпен жұмыс жасамақшы, – дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Г.Бирниязова.

Жасыл ел (1)

Жерлесіміз Нұрсұлтан Ерболатов аталмыш жасақта екі жыл қатарынан еңбек етуде.

–  Мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студентімін. «Жасыл ел» жастар жасағында жүргеніме екінші жыл. Осы уақыт аралығында біраз нәрселер үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Жалпы, өзім сияқты жастар үшін аталмыш жасақта жұмыс жасау қай жағынан алып қарасаң да тиімді. Себебі біріншіден, уақытыңды пайдалы етіп өткізесің. Екіншіден, таза еңбекпен табыс табуға мүмкіндік бар. Жаңа достарың пайда болады. Өзім секілді жастарға айтарым, жазғы демалысты пайдалы өткізуді қаласаңыз, «Жасыл елге» жұмысқа келіңіз, – дейді Нұрсұлтан Ерболатов.

Жасыл ел (5)

Нұрсұлтандай туған мекенінің көркеюіне үлесімді қосамын деген жастар қатары аз емес. Солардың қатарында Дина Утегенова да бар.

– Мен М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бірінші курс студентімін. Елбасының «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Тасқала ауданының «Жасыл ел» жастар жасағының қатарына қосылдым. Бұл бағдарлама мен сияқты жастар үшін өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені табиғатымызды қорғай отырып еңбек етеміз, сонымен қатар табыс табамыз. Біз қазір аудан орталығындағы Н.Ә.Назарбаев атындағы саябақтың көркеюіне үлес қосып жүрміз. Яғни қоғамдық орынның таза тұруына өз септігімізді тигізудеміз. Елбасының осы саясатының арқасында кез келген жалынды жас өз уақытын тиімді пайдалана алады. Осы бағдарлама болашақта жалғасын тапса, жастарға үлкен қолдау болады деп ойлаймын, – дейді Дина Абайқызы.

Айта кетейік, биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты «Жасыл ел» жастар жасағы жұмысын барлық нормаларды сақтау арқылы жалғастыруда.

Әсем Аманова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале