Сырым ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпыхалықтық сенбіліктер басталды.

Әрине, ауыл тазалығы үшін екі қолға бір күрек ұстағандардың алдыңғы қатарында мемқызметкерлер, бюджеттік сала мамандары мен мекемелердегі жұмысшылар тұр. Олар жұмадағы жұмыс күндерінің жартысын сүйікті кенттерінің көркін ашуға жұмсауда.
Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиевтің айтуынша, кешегі аптадағы сенбілікке округте 300 - ге тарта адам шыққан. 40 тонна қоқыс жиналып, оларды полигонға тасуға 3 техника жұмылдырылған.
Сырым аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұханов «Таза Қазақстан» қозғалысын тек мекеме қызметкерлері ғана емес, тұтас ауыл халқы қолдауы тиіс деп есептейді. Тұрғындар бірлігінің қандай болатынын кеше Өлеңті ауылындағы М. Үмбетова көшесі көрсетті. Олар көше бойын қоқыстан, көлденең заттардан тазартып, жеке көліктеріне тиеп, белгіленген аймақтарға төкті.
Айболат Сақтағанұлының айтуынша, «Таза Қазақстан» – сенбілік емес, сана-сезім.
Алдағы апталарда ағаш егу жұмыстары басталады. Биыл әр округ көшеттерді өз бюджеттеріне сатып алады.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы