30.04.2026, 15:00
Оқылды: 11

Теректі ауданы: Ертегілер әлемі көрермен назарында

Теректі  аудандық мәдени-демалыс орталығының жанынан құрылған Халықтық “ДАТ” театры балалар үйірмесінің “Қожанасыр және маймылдар патшалығы” атты ертегісі жас жерлестеріміздің назарына ұсынылды.

671234512_18217304590316896_5093003391578086814_n

Кеш барысында аудандық мәдени-демалыс орталығының басшысы Арман Сағидоллин сөз сөйлеп, кішкентай өнерпаздардың актерлік шеберлігін атап өтіп, әр кейіпкер өз рөлін жоғары деңгейде алып шыққанын және режиссердің қойған мақсатын жеткізе алғанын айтып, театрды қолдап келген көрерменге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар театр жетекшісі, қойылым авторы әрі режиссері Альбина Мирамбайға алғыс білдіріп, марапаты мен арнайы сыйлығын табыстады. Жас режиссер балалар үйірмесі жайында былай деп бөлісті:

- «Дат» театрының жанындағы балалар үйірмесі – баланың қиялын шындыққа айналдыратын мекен. Біздің басты мақсатымыз баланы тек актер қылып шығару емес, біз оларды өмірге дайындаймыз. Сахна баланы көпшілік алдында еркін сөйлеуге, өз ойын нық жеткізуге және эстетикалық талғамға баулиды. Қожанасыр – тек қойылымдағы қуақы кейіпкер емес, ол халықтық даналықтың, тапқырлықтың символы. Ол өзінің әзілімен кез келген тығырықтан жол тауып, адамдар мен табиғат арасындағы алтын көпірге айналады. Қойылымдағы маймылдар бейнесі – адамзат баласына үлгі боларлық бірліктің, шынайы достық пен татулықтың көрінісі. Олар – ақылды, ұйымшыл және әрқашан бірін-бірі қолдайтын кейіпкерлер. Ал қойылымдағы басты қақтығыс – білімді игілікке емес, зұлымдыққа жұмсайтын адамдардың бейнесі. Мұны білімді өзімшілдік пен қастыққа пайдаланатын, айлакер түлкі кейіпкері арқылы көрсеттік. Біздің «Қожанасыр және маймылдар патшалығы» қойылымы – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді ертегі тілімен жеткізуді мақсат тұтты, - деді Альбина.

670737847_18217304608316896_3891594542278840876_n

Қойылым соңында жас көрермендеріміз, 6 «Ә» сынып оқушылары Темірғали мен Нұржан ертегіден алған әсерін бөлісіп, кітап оқу керектігі, ақылды дұрыс пайдалану қажеттігі жайында түйгенін айтып, алдағы уақытта осындай қойылымдардың тағы да болғанын қалайтыны туралы және өздері де қатысқысы келетінін жеткізді.

671176191_18217304557316896_4126831539878313724_n

Тұрғындардың мәдени-рухани дамуына өз үлесін тигізіп келе жатқан жергілікті театр ұжымы дәл осы күні де отбасы мүшелерінің басын қосып, балаларға қызықты уақыт өткізуге мүмкіндік туғызды.

 

Қаламқас Саясатова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале