8.07.2024, 19:41
Оқылды: 150

Теректі ауданы: «Саламатты Қазақстан» Алғабасқа аялдады

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «Самұрық-қазына» акционерлік қоғамы және Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жүзеге асқан «Саламатты Қазақстан» ауқымды жобасы Теректі аудандық Алғабас теміржол вокзалына аялдады.

FB_IMG_1720440829193

Еліміздің түкпір-түкпірін аралап, қарапайым тұрғындарға денсаулық бағытында көмек ұсынған аталмыш ұлттық комиссияның қолдауымен пойыз жұмысына кәсіби медиаторлар мен заңгерлер қосылды. Бұл ауыл-аймақ тұрғындарының түйткілді мәселелерінің оңды шешілуіне сөзсіз ықпал етеді.

FB_IMG_1720440812549

Ем іздеп, кеңес аламын деп келген жұртшылықты аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, облыс әкімінің бас инспекторы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Татьяна Рогозина, комиссия мүшесі Әлия Салиева, аудандық аурухана директоры Дархан Хайрушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Білікбай Қазиқанов және аудан әкімдігі жанындағы комиссияның мүшелері Гүлмира Қошанова мен Мария Плетяная қарсы алып, тоқтаған пойыз жұмысына сәттілік тіледі.

Басшылардың тілегінен соң пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаева, заңгері Айшат Ғаббасова жұмыстың барысымен таныстырып, көрсетілетін қызмет жайлы ақпарат берді.

FB_IMG_1720440818554

Шашу шашылып, қазақтың дәмі ұсынылып, аудан өнерпазы Сағидолла Ізделеев ән шырқап болған соң жоба дәрігерлері іске кірісті. Богданов ауылының тұрғындары пойызға қарай беттеп, тіркеле бастады. Сол арада Әлия Биғазықызы, Татьяна Вениаминовна, Әлия Өтемісқызы халыққа көрсетілетін қызметтерді көріп, дәрігерлермен пікір алмасты.

FB_IMG_1720440822136

Пойыз іші кәдімгі емханадан кем емес. Замануи құрал-жабдықтармен жабдықталған, денсаулық сақтау қызметкерлері де өте білікті.

Бұған екі жыл қатарынан куә болып, ем алған ауыл тұрғыны Ерғали Өтеғалиев:

–«Саламатты Қазақстан» пойызы Алғабасқа тоқтады дегенді естіп, бірден осында келдім. Пойыз дәрігерлерінің қызметіне екі жыл жүгініп келемін. Нәтижесі көңілімді толтырады. Былай уақытта аудан орталығына немесе қалаға барып, құжат жинап, уақыт жоғалтып әуре боламыз ғой. Ал қазір денсаулыққа көңіл бөлу осы пойыздың арқасында жеңілдеді. Қазір кардиологқа тексерілдім. Айтпағым, дәл осы пойыз ауылымызға жиі келіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді, - деп, оң бағасын берді.

FB_IMG_1720440815143

Айта кетейік, Алғабасқа аялдаған пойызға аудан орталығынан да тұрғын көп келуде. Бұл пойыз жұмысында денсаулықты күту, ақ желеңділердің кеңесін сұрау ең бірінші орында. Сол себепті барлығы оп-оңай. Келесің, емделесің!

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале