1.06.2021, 17:40
Оқылды: 44

Теректі ауданы – «сары аймақта»

Коронавирустың Теректі ауданында таралуы көктем басындағы ахуалмен салыстырғанда, бәсеңдеді. Наурыз-сәуірде «қызыл аймақта» болған аудан қазір «сары аймақта». Сол кезде коронавирус өршіп, әсіресе аудан орталығында жиі анықталған болатын.

tereka

Мамыр басындағы екі апталық шектеу шаралары көмегімен, вирусқа шалдыққандар саны азайды. Бұл жерде коронавирусқа қарсы екпе алғандар санының өсімі де сеп болды деп есептеймін. Ақпанда екпе салу басталғаннан беріде үш мыңнан астам теректілік ресейлік Гам-КОВИД-Вак («Спутник V»), 426 адам арабтың Hayat-Vaх вакцинасын алған. Айта кетерлігі, «Hayat-Vaх» екпесі созылмалы аурулары бар және егде адамдарға ыңғайлы. Жалпы, вакцинация мен карантин, жеке бас гигиенасы, көпшілік шараларды өткізбеу өз нәтижесін берді. Сәуірдің басында бір күнде 18-28 адамнан короновирус анықталып тұратын. Қазір бір күнде 2-4 адамнан. Қазір короновирустың қауіпті екеніне жұрттың көзі жетті. Шектеу шараларына түсіністікпен қарайды. Дегенмен, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзушылық оқиғалары әлі де болса, кездеседі. Отбасылық басқосулар, той, садақа, жиындарды өткізуге болмайды. Көбіне жиын-тойға барғандар вирус жұқтырып алып жатады. «Ashyg» қосымшасы іске қосылғалы қоғамдық тамақтандыру орындарында жұмыс жанданды. Соны қате түсініп, садақа, мерейтой сияқты шаралар өткізу жағдайлары болып тұр.

Көпшілік шаралар мен отбасылық отырыстар өткізуге болмайды. Бұл – ел ішіндегі індеттік жағдайға байланысты қойылған шектеу. Шектеуді бұзған, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындамаған жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын, жауапкершілікке тартылады.

Біздің ауданда коронавирусқа шалдығудың ең алғашқы фактісі 2020 жылдың 28 сәуірі күні тіркелген еді. Жыл аяғына дейін, 8 ай ішінде 520 адамнан вирус табылған. Ал биыл жыл басынан күні бүгінге дейін 5 айда 543 адамнан коронавирус анықталып отыр. Көріп отырсыз, вирус әлі бар. Ауруға, әсіресе, егде адамдар, созылмалы науқастар жиі шалдығады. Вакцинация арқылы аурудың алдын алуға мүмкіндік бар. Сондықтан, екпе салудан тартынбаңыз.

 

Ләйла Ашықова,

Теректі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале