Бүгін Теректі ауданы, Ақсуат ауылдық округі Магистральный ауылында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының аясында жаңадан тартылған су құбырының салтанатты ашылуы өтті.

Аталған шараға қатысқан меймандар қатарында аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, «Айтемир Құрылыс» ЖШС басшысы Ербол Шоханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Қазиев және «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының төрағасы Мирхат Ибраев бой көрсетті. Таза су құбырының ашылуымен аудан басшысы жергілікті тұрғындарды құттықтап сөз сөйледі.

- «Әрбір елдімекен біздің елімізде таза ауыз сумен қамтамасыз етілсін!» деп президентіміз атап өткендей, бүгін біздің ауданымызда тарихи қуанышты күн. Халықтың көптен күткен су құрылысы бүгін аяқталды. Өздеріңіз білетіндей, Магистральный ауылының су құрылысы бізде бірқатар мәселе тудырған нысан болды. Таза су- тіршіліктің көзі, денсаулықтың кепілі. Жаңа нысанымыз құтты болсын! - деді аудан әкімі Әлия Биғазықызы.

- Су құбыры жұмысы Магистральный ауылында мамыр айында басталып, қазан айында өз мәресіне жетіп отыр. Жалпы ауылдың ішіндегі құбыр 11 шақырымды құрайды және екі көтерілістен тұрады: Бірінші, ұңғымалар сол жерден 4,5 км құбыр келіп жатыр. Сол жерде екі ұңғыма бар. Ал мына екінші көтерілімде осы жерден су тазаланып резервуарға барады, кейін сорғыға, одан кейін 25 текше метрлік мұнараға келеді. Сол жерден ауылға келіп, 196 шамасында үйді сумен қамтамасыз етеді, - деді «Айтемир Құрылыс» ЖШС басшысы, мердігер Ербол Болатұлы.
Ашылу салтанатында дәстүр бойынша шашу шашылып, мерекелік әннен тарту жасалды.

Аталған шарада ауыл тұрғындары атынан құттықтау сөз тізгіні В.Горяева мен Г.Шакиеваға берілді. Жергілікті тұрғындар көптен күткен қуаныш екенін жасырмады.
- Осы Теректіге 1980 жылы Аңқатыдан келген едім, қазір зейнеттемін. Осы күнге дейін суды құдықтан тасып жүрдік. Жақында «су қосылады» деген жақсы жаңалықты күтіп дайын отырмыз. Сәл кідіріп келді, бірақ су болса, бәрі де болады, - деді ауыл тұрғыны Айтбай ағай.

Су құбырын іске қосып, лента қию рәсімі аудан басшысы Әлия Биғазықызы мен Валентина Алексеевнаға берілді.
Бұл - ауыл тұрғындары үшін айтулы күн, өйткені таза ауыз су - денсаулық пен сапалы өмірдің кепілі.
Қаламқас Аманжолқызы,
Теректі ауданы