Теректі аудандық мәдениет үйінде 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты салтанатты шара өтті. Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы — еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз қарқынды дамуда.
Мерекелік шара барысында құттықтау сөз алған аудан әкімі Тілекқабыл Ғабдушев еліміздің ұлт көшбасшысы, ұлы даланың ұлттық ұстанымдарын тұла бойына сіңіріп, халқымызды бүкіл әлемге танытқан кемеңгер тұлғаның ел дамуына қосқан үлесін тілге тиек етті. Сондай-ақ ауданымыздың көркеюі мен экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бір топ азаматтарды марапаттады.
Салтанатты шарада Долин ауылдық округінің фельдшері М.Макеева, Ұзынкөл ауылдық округіндегi грек-рим күресінен жаттықтырушы И.Оразбеков, «Алтын шуақ» ҚБ төрағасы С.Ашықбаев, аудандық білім беру бөлімінің есепшісі А.Бахитова, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің іс жүргізушісі М.Мырзаболатова, Богданов мәдениет үйінің меңгерушісі В.Медетова, «Қазына» коворкинг орталығы қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы С.Мырзағалиева, Теректі аудандық ветеринарлық станциясы директорының м.а. А.Юмабаев, Теректі «Таза су» бас инженері А.Ажмұханов, «Қазпочта» АҚ басшысының орынбасары И.Бутенкоға алғысхат табысталды.
Сонымен бірге мемлекеттік қызметке қабылданған Богданов ауылдық округі әкімінің бас маманы Қайрат Лұқпанов жұмысына адал болуға халық алдында ант берді.
Марапаттау рәсімі одан әрі мерекелік концертке ұласты. Мәдениет үйі өнерпаздарының «Қазақстан - өз елім», «Ұлт көсемі», «Мен қазақпын» сынды әндері мен аудандық саз мектебінің дәстүрлі ән үйірмесінің тәрбиеленушілері «Елім менің», Үлгілі «Өркен» балалар вокалды ансамблі «Туған өлкем» әндерін орындады. Үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі мың бұрала билеп қалың көпшілікті өнерімен тәнті етті.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы