1 маусым – Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік концерт өтті. Шара шымылдығы 2021-2022 оқу жылында үздік нәтиже көрсетіп, спорт, өнер, білім додаларында топ жарған бүлдіршіндер шеруімен ашылды. Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар балаларға құттықтау хатын ұсынды. Сондай-ақ балалар шығармашылық үйінің жасақтаған көрмесімен танысып, шахматшы балалардың ойынын тамашалады.
Концерттік бағдарлама барысында кішкентай өнерпаздары әсем әндер шырқады. Аудандық балабақша бүлдіршіндерімен қатар, үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі де мың бұрала би биледі.
Концерттік бағдарлама одан әрі «Балалар машинасы шеруі», «Самокаттар шеруі», «Велосипедшілер шеруі», «Шаш үлгісінен дефиле» және асфальтта сурет салумен жалғасты.
Балалар мерекесіне орай, арнайы келген «Балаларға базарлық» ойын-сауық орталығы аниматорлары барша балғындарға қызықты ойындар ойнатып, би билетіп, белсенді қатысушыларға сыйлықтар таратты.
Сонымен қатар аудандық мәдениет үйі қызметкерлері балаларға балмұздақтар үлестірді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz