26.10.2021, 12:34
Оқылды: 48

Теректілік Шолпан Таңатарова-өз ісіне адал жан

Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы - ұстаз. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім»,-деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы - қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.

6

Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Шолпан Қаратайқызы туралы ерекше ілтипатпен  айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат  шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Шолпан Таңатарова сынды  педагогтың өмірі жастарға  үлкен өнеге.

Ол – Ақтөбе қаласы, Мәртөк ауданы, Ново-Федоровка (Ақмоласай)  селосының тумасы. Қазіргі таңда Әйтиев ауылында тұрады. Атаулы ауылдағы мектептің меңгерушісі. Осы жерде 1991 жылдан бастап жылы орнын суытпай жұмыс істеуде. Кез-келген істе тәуекелге бара алуы, өзіне тапсырылған жауапкершілікті ала отырып, оны ұйымдастыра білуі оның іскерлік жетістіктерін шындай түсті.

Педагог – сарапшы өзінің бала тәрбиесінің  қыры мен сырын жан-жақты зерттей білетін, еңбекке деген құштарлығы мол, ізденімпаз  ұстаз ретінде  танытуда.

- «Мамандығым — мақтанышым» демекші, бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан алдыма қойған мақсатым балалардың ақыл-ойын дамытып, ойлау қабілетін шыңдау, білімді игеруге ынтасы мен дағдысын қалыптастыру. Мен бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын, білімді жас жеткіншектер тәрбиелеп шығаруды мақсат тұттым. Шәкіртке жан-жақты білім беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жайында өмір сүруге тәрбиелеуді өзімнің басты парызым деп санаймын,-дейді Шолпан Қаратайқызы.

Жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз-түні тынымсыз еңбектеніп жүрген ұстаз қоржыны марапатқа лық толы. Олардың қатарын  ҚР Білім және ғылым министрлігінің және БҚО Білім басқармасының  «Құрмет грамотасы» толықтырып тұр. Сондай-ақ әр жылдары алған  алғысхат, сертификаттардың өзі бір төбе.

Рас. Әр мұғалімнің алдындағы мұраты – өз пәнін жетік біліп қана қоймай, әр оқушыны шығармашылық тұлғаға жетелеу. Әр баланың қабілетін, талантын ашу, өз-өзіне деген сенімін нығайтып, жол ашуына түрткі жасау, міне бүгінгі білім беру, тәрбие ісінің басты міндеті.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале