Елдегі орын алған жайсыз ахуал халыққа, экономикамызға теріс әсерін тигізді. Көп отбасылар табыс көзінен айырылып, қаржылық қиындыққа тап болса, әлеуметтік тұрмысы осал отбасылардың көмекке зәрулігі байқалды.
Бұл төзіміміз сыналған сәтте Бәйтерек ауданы тұрғындарының да мейірімділігі мен адамгершілігі айқын байқалды.
Ауданда көптеген қайырымдылық жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар үшін аз уақыттың ішінде көп мөлшерде бетперделер тігіліп, азық-түліктер таратылды.
Бәйтерек ауданының жеке кәсіпкерлері де қиындыққа тап болған аудан тұрғындарын назардан тыс қалдырмады.
Аудан бойынша ауқымды көлемде қайырымдылық шараларын ұйымдастырған округтер ішінде Достық, Январцев және Сұлукөл ауылдық округтерін атауға болады.
Январцев ауылдық округіндегі «Бекмырза» шаруа қожалығының өкілі Ақылбек Меңдіғазиев ауылдағы жалғызбасты зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға бір жылқы сойып, етін таратты. Ал «Санжар» шаруа қожалығы бір аз қамтылған, бір мүгедек отбасын толықтай азық-түлікпен қамтамасыз еттті. «Керемет» шаруа қожалығы Кирсанов ауылындағы тыл ардагерлеріне азық-түлік жеткізіп берсе, «Надежда» шаруа қожалығының өкілі Надежда Голубенко 30 отбасын азық-түлікпен қамқорлады.
«Bayston» ЖШС болса, 30 тыл ардагеріне азық-түліктен қолұшын созған.
Сұлукөл ауылдық округінің «Агросервис-Батыс» ЖШС басшылығы 32 отбасыға әр қайсысына бір-бір қап картоп таратты.
Достық ауылдық округіндегі «Причаганье» ЖШС, «Нуртазин» жеке кәсіпкерлігі, «Достық» жеке кәсіпкерлігі, Достық ауылындағы орта мектеп ұжымы, ауылдық округ әкімшілігі, ауыл тұрғындары күш біріктіріп, атсалысып, 66 шаңырақты 543 720 теңге көлемінде азық-түлікпен қамтамасыз еткен.
Елімізде күн сайын жүздеген волонтерлар, меценаттар қайырымдылық шараларын жүзеге асыруда. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы иелерін есептемегенде қарапайым халық та көмек қолын созуға даяр екендіктерін іспен дәлелдеп келеді. Одан басқа да мейірім мысалдары көп. Осының барлығы рухымыздың мықтылығын дәлелдесе керек-ті.
Аружан Болатбекқызы
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz