Дүниежүзін дүрліктірген COVID-19 індеті аудан тұрғындарының біразын «бір аунатып» тұрғызғаны белгілі. «Қызыл аймаққа» енген Тасқала ауданы қазір қауіптен шығып, қалыпты тірлік ырғағына ілесуде. Біз осы және өзге де сұрақтар төңірегінде аудандық аумақтық аурухананың бас дәрігері Мақсат Оразбаевты әңгімеге тартқан едік.
– Мақсат Жүнісәліұлы, әңгіме төркінін ауданда белең алып отырған ауру түрлерінен бастасақ.
– «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, ересектер мен жасөспірімдер арасында қан айналымы, несеп жүйесі, ас қорыту органдарының ауруларымен тіркелгендер саны көп. Бұл аталған дертпен ауыратындар санының артқанын көрсетеді.
– Аудан халқы COVID-19 індетінің өршуіне байланысты «Қызыл аймақта» болып, таяу күндері вирус жұқтырғандар санының кемуіне орай қатерлі аймақтан шыққанын білеміз. Жалпы, осы вирусты жұқтырған қанша адам тіркелді?
– Қазіргі уақытта індетпен ауырғандар саны кеміп, аудан «Қызыл аймақтан» шықты. Соңғы мәліметтер бойынша аудандық ауруханаға қаңтар айынан күні бүгінге дейін індет жұқтырған 68 адам тіркелді. Оның ішінде симптомдысы – 45 болса, симптомсызы 23-ті құрайды. Дегенмен, бұл қауіп жоқ деген сөз емес. Сақтық шараларын сақтап, өз денсаулығына немқұрайлы қарамауды әр адам мейлінше түйсінсе дейміз.
– Ауа райының күрт өзгеруі салдарынан тұмаумен ауырғандар бой көрсете бастады. Осы жайында не айтар едіңіз?
– Өткен жұмада күн райы жылып, соның салдарынан тұмау тигізіп алғандар саны артқаны рас. Шындығында, тұмау және COVID-19-дың белгілері өте ұқсас келетінін бәріміз білеміз. Екі ауру кезінде де адамның дене қызуы көтеріліп, құрғақ жөтел пайда болады. Адам ағзасында шаршау, әлсіздік сынды белгілер орын алады. Сондықтан респираторлық инфекцияның алғашқы симптомдары (құрғақ жөтел, жоғары температура, тыныс алудың қиындауы, ентігу және т.б.) пайда болған кезде уақыт ұттырмай, 103 нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем шақырту қажет. Ауруханаға бармай-ақ, үйде отырып, медициналық көмекке жүгіну ауруды асқындырмаудың бірден-бір жолы екенін көпшіліктің қаперіне салғымыз келеді. Әрі «сақтансаң, сақтаймын» дегендей, әр адамның өз денсаулығына өте жауапкершілікпен қарағаны абзал.
– Ақпан айынан бастап бүкіл әлемді «шарлап» жүрген індетке қарсы екпе егу мәселесі күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Оған дайындық қалай жүруде?
– Ауданда КВИ-ге қарсы иммундау орталықтандырылған түрде барлық қажетті жабдықтар, дәрілік препараттармен жабдықталған емхана жанындағы егу кабинеттерінде жүргізілетін болады. Екпелерді арнайы оқытылған маман жүргізеді. Егілушінің денсаулығын егілгенге дейін учаскелік дәрігер тексереді. Егілгеннен кейін 30 минут аралығында медицина қызметкерлерінің бақылауында болады.
– Жыл сайын Қазақстанда 36 мыңға жуық қатерлі ісік ауруы тіркеледі екен. Он екі айда «аты жаман» дерттен 14 мың адам көз жұмады деген дерек бар. Шынында да, обыр ауруының жасарып бара жатқанын айтып, денсаулық сақтау ұйымдары дабыл қағуда. Сіз бұл көрсеткішке дәрігер ретінде не айтар едіңіз?
– Қатерлі обыр ауруының жасарып бара жатқаны рас. Қазіргі таңда бұл аурумен жасөспірімдермен қатар бөбектер де ауырады. Бейресми мәліметтерге жүгінсек, бүгінде осы науқасқа шалдыққан 180 мыңға жуық қазақстандық есепте тұр. Халық ішінде «аты жаман ауру» аталған дертке шалдығу тек өліммен аяқталады деп ойлау мүлдем қате. Құлантаза жазылып кетіп жатқандар да аз емес. Сондықтан уақтылы тексерістен өтіп, мейлінше өз денсаулығымызға аса жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Ауру ерте кезден анықталса, емдеу де жеңіл болады. Сол себепті әр адам өз денсаулығын қадағалап, жылына бір рет емдік профилактикамен тексерістен өтіп тұрғаны абзал. Дер кезінде емделсе, қатерлі ісікке ұшыраған жандардың 100 пайызы толық сауығып шығады. Тасқала ауданында да сүт безі, тері және өкпе обырына шалдыққандар саны артқанын айта кеткен жөн.
– Мақсат Жүнісәліұлы, дәрігер – құрметті мамандық. Жалпы, ақ халатты азбал жан болуды бала кезіңізден армандадыңыз ба?
– Әрине, дәрігер ықылым заманнан құрметті мамандықтың бірі саналады. Шындығын айтсам, мен бала кезімде журналист болуды армандадым. Бірақ менің бұл бала арманым ата-анамның көңілінен шықпады. Біздің балалық шақ Кеңес дәуірі құлдырап, тоқырау болып жатқан заманмен тұспа-тұс келді. Медициналық көмектің де сол кезде сапалы болмағаны белгілі. Әкем қант диабетімен артериальды гипертензиядан зардап шегетін. Үнемі «Өз отбасымызда дәрігер болса ғой» деп отыратын. Әкемнің тілеуі маған қанат бітіріп, сол арман жетегімен Семей қаласындағы мемлекеттік медициналық академияның педиатрия бөліміне оқуға түстім. Әке қалауын орындағаныма еш өкінбеймін. Тәжірибелі, білікті дәрігерлермен иық тіресіп, қызмет етіп келемін. Медицина ғылымының докторы, профессор Күләш Қалиханқызы Жаксалыкова сынды керемет ұстаздың шәкірті болғанымды мақтан етемін. Менімен қоса жұбайым Динара Раушанбекқызы да медбике боп қызмет атқарады.
– Өзіңіз жас болсаңыз да біраз қызметтік сатыдан өткен екенсіз. Бас дәрігер ретінде бүгінгі толқынның аяқ алысына қандай баға берер едіңіз?
– «Жас келсе – іске» дегендей, биыл Тасқала аудандық ауруханасы 5 жас маманмен толықты. Олардың білім ордасын бітіргеніне көп уақыт бола қоймағаны әрі тәжірибесінің де аз екеніне қарамастан, күн-түні тынбай еңбек етіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Жас дәрігерлердің күн сайын қызмет көрсету сапасын емдеу ісі жөніндегі орынбасарыммен бірге қадағалап отыру күн тәртібіне айналған. Тәжірибелік дағдыларды тереңірек игеру үшін үнемі семинарлық, тәжірибелік сабақтар өтіп тұрады.
– Әңгімеңізге рақмет. Абырой биігінен аласармауыңызды тілейміз.
Сұхбаттасқан: Гүлнар Қадырова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Сурет inform.kz алынды