Елбасының халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қасиетті де киелі Жаңақала өңірінде тағы бір атқарылған игі істің куәсі болдық. Дәлірек айтсақ, 2020-2021 жылдарға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауданымызда үш қабатты жалдамалы тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылымын тарту құрылысы пайдалануға берілді.
Қуанышты жиында сөз алған аудан әкімі Дархан Закарин барша тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, мердігер «Нұр Құрылыс болашақ» ЖШС басшысы Есет Қайнарбайұлына алғысхат табыс етті.
Өз кезегінде «Нұр Құрылыс болашақ» ЖШС басшысы Е.Қайнарбайұлы алғысын білдіріп, ақжарма тілегін жолдады. Одан әрі ардагер Ғиният Валиев та ізгі лебізін айтып, ақ батасын берді.
Аудан басшысы Д.Әмірханұлы үй иелеріне, яғни 1-подъездегі - 12, 2-подъездегі 9 отбасыға тұрғын үйдің кілтін табыс етті. Сонан соң аудан басшысы Д.Әмірханұлы мен ардагер Ғ.Валиев салтанатты лента қию рәсімін жасады. Аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Азамат Марат «Сәйгүлік» әнін тамылжыта орындаған сәтте тұрғын үйдің ашылу салтанатына жиналған қауым ішке кіріп, мәз-мейрам боп бір-бірін құттықтап жатты.
- Жолдасымның қарындасының 2008 жылғы баласын 2010 жылдан бастап қамқорлығыма алдым. Бүгінде осы балам үйлі болды. Жағдайымызды ескеріп, көмегін аямай, әрдайым қолдау білдірген аудан әкіміне зор алғысымды білдіремін. Жуырда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бұл хабарды жеткізгенде қуаныштан көңілім босап, жыладым. Көмек қолын аямай жүрген барша ауыл тұрғындарына да алғаусыз алғысымды айтамын, - деді Айнагүл Төлегенова қуаныштан көзіне жас алып.
Айта кетейік, жауапты мердігер «Нұр Құрылыс болашақ» ЖШС-нің жұмысымен жаңа ғимараттың құрылысы 2020 жылы бастау алған болатын. Келісімшарт құны 220 млн 615 мың теңгені құрады. Жалпы аталған тұрғын үй кешені 3 қабатты, 21 пәтерлік, оның ішінде 1 бөлмелі – 6 пәтер, 2 бөлмелі – 12 пәтер, 3 бөлмелі – 3 пәтер бар. Аталған баспана жалғыз үйі апатты деп танылған, халықтың әлеуметтік осал топтары (I және II топтағы мүгедектер, толық емес отбасы, зейнеткер), ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және бюджеттік қызметкерлерге арналған.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz