30.06.2022, 11:45
Оқылды: 52

Ұзынкөлде бақша құбырмен суарылады

Су үнемдеу, әсіресе таза су қорын үнемдеу мәселесі соңғы жылдары тек біздің Теректі ауданында ғана емес, жалпы елде айтылып жүрген ең өзекті әңгіменің бірі десек те болады.

IMG-20220629-WA0041 (1)

Мәселен, аудан орталығы – Теректі ауылы жыл сайын таза су тапшылығынан жазда қаңсып қалған кездері болды. Биыл ауыл 6 ұңғымадан су тартып отыр.

Жаздағы су тапшылығы мен бау-бақша суарудың өзара тіке байланысы барын жыл сайын айтып жүрген Теректі ауылдық округі әкімі Әсет Әубәкіров «Әзірге су жетіп тұр» деп отыр. Қыстың күні 320-350 текше метр су қолданатын ауыл жаздың күні 1000 текше метрге дейін су шығын қылатын көрінеді. Соның салдарынан, су жетпейді.

Осы орайда, ауыл әкімдігі биыл үлкен бастама көтерді.

-Аудан орталығында жыл сайын айтылатын ауыз су мәселесін шешу жолы – аулада құдық қазу. Ауылда 25 метрлік тереңдіктен су шығады. Солай құдық соғып, су тапшылығын сезінбей отырған адамдар бар. Мамыр айында екі мәрте тұрғындармен осы мәселе бойынша кездесулер өткіздік. Қазір кей тұрғындар арнайы техника мен мамандар жалдап,  ұңғыма қаздыруға ниет етіп отыр. Ал құнына келетін болсақ, шамамен ұңғыманың метріне 11 мың теңгеден. Бұл сома ішіне қажетті тұрба, су алатын жерге қойылатын сүзгі енеді. Егер аулаға құдық салғызамын деушілер болса, ауылдық округ әкімдігіне келіп жолықсын, - дейді округ әкімі Әсет Сәбитұлы.

Ұзынкөл ауылында таза суды шығын қылмай бау-бақша суару өзге жолмен шешілген екен.

Ауылдық округ әкімі Жалғас Ерсайыновтың айтуынша, ауыл техникалық сумен қамтылған.

-Ұзынкөлде бұрыннан қалған техникалық су жеткізу желісі бар. Ерте көктемде, мал бағымын ұйымдастыру жиындары кезінде сол құбырдың жұмысына қажетті шараларды қарастырамыз. Яғни, тоғаннан су тартатын сорғышты бақылап, қосып тұратын адам, оған қаржы жинайтын адам анықтап, сайлап аламыз. Қажетті шығындарға ақшаны тұрғындар жинап отырады. Биыл үй басы айына 1000 теңгеден салады. Сол ақша есебінен жөндеу жұмыстары, су сорғышқа қажетті электр қуатына және т.б шығындар төленеді. Биыл да сол қалыппен техникалық су құбырын маусым басында іске қостық. Су кешке болады. Бақша салатын адамдарға бұл ыңғайлы,-деп су жеткізу жайын айтып берген Жалғас Нұрланұлы ауылдастырына «Техникалық су құбырының жұмыс жасауы ауыл тұрғындарына қажет. Бәріміз де сол желіден  малға су беріп, бақша суарып отырмыз. Бұл ауыз суды үнемдеуге жақсы мүмкіндік. Сондықтан, ортақ іске «сенікі-менікі» демей, «Мың теңге төледім, жарылып кеткен жерді жасап беріңдер» демей, жауапкершілік танытайық» деген базынасын да жолдап отыр.

Аулаңды жайнатып, бау өсіріп, бақша салған жақсы ғой. Өз қолыңмен өсірген жеміс-көкөністің дәмі де өзгеше. Бұл - азық-түлік, дәрумендермен қамтамасыз ету көзі. Осы жерде суару мәселесін таза суды шығындамайтын жолмен шешкен Ұзынкөл өзге ауылдарға үлгі.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале