1 ақпанда Қазақстанда басталған коронавирусқа қарсы жаппай екпе жүргізу шаралары жүйелі жүзеге асуда. Алғашында қауесет әңгіме қозып, «вакцина деген зиян екен», «вакциналау арқылы адамға чип енгізетін көрінеді» деген «білгіштер» енді алғашқы кезеңде вакцина алғандардан анық-қанығын білуге асығады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ғаламторда жариялаған мәліметтеріне сүйенсек, вакциналаудың бірінші кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады.
Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет қызметкерлері екпе алады.
Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар.
Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарланған.
Осы кезеңдерге сәйкес Теректі ауданында да жүргізіліп жатырған вакциналау жайында Теректі аудандық емханасының меңгерушісі міндетін атқарушы Мәдина Сапарова: «Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте бірінші кезекте коронавирустық инфекцияны жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары коронавиустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға жатады, одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қамтылады. Денсаулық сақтау министрлігі анықтаған тәртіпке сай, ауданда ең алдымен медицина және санэпидқызмет қызметкерлері короновирусқа қарсы екпе алды. Екпенің пайдалы жақтарын білетін мамандар болғандықтан, вакцинадан бас тарту болған жоқ. Алғашқы кезеңде вакцина алған медицина қызметкерлерінің денсаулық жағдайы жақсы. Короновируспен ауырған адамдар сауыққаннан соң 6 айдан кейін вакцина алуына болады. Қазір мектеп мұғалімдері, балабақша қызметкерлері вакцина алуды бастады. Күні бүгінге 65 адамға вакцина егілді. Оның ішінде 54 медицина қызметкері, 11 педагог бар. Вакцинациялаумен енді полиция қызметкерлері де қамтылады. Вакцина екпестен бұрын адамның денсаулық жағдайын анықтаймыз. Егу алдында әр адамды вакцинаның құрамы мен өндіруші туралы ақпарат берілген нұсқаулықпен таныстырамыз, - дейді.
Біздің ауданда короновирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасы қолданыста. Бұл вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өткен.
Теректі ауданының №2 ауруханасының бас дәрігері Бекзат Құбаев: «Біздің ауруханада былтыр COVID-19 вирусына байланысты шаралар шеңберінде карантиндік бөлім құрылды. Сәуір-шілде ішінде осы карантиндік бөлімде 71 адам дәрігерлер бақылауында болды. Кейін шілде-тамыз айларында инфекциялық бөлімше ашылып, 36 науқас COVID-19-дан емделіп шықты. Сондықтан да, біздің медицина қызметкерлері короновирустың қандай болатынын әркімнен естіген емес, өз көздерімен көрген адамдар. Осы қауіпті вирусқа қарсы тұрар вакцинаның табылуын біз асыға күттік. Бірінші кезеңде медициналық қызметкерлерді вакциналау дұрыс қадам болды деп санаймыз. Қазір біздің ұжымдағы жоспарланған 134 қызметкердің 65-і екпе алды. Әркімнің ағзасының ерекшеліктеріне қарай қызуы көтерілген немесе сүйек-буындары сырқырағандар болды. Дегенмен, солардың арасында әзірге вирус жұқтырғандар жоқ. Енді екінші мәрте екпе алуға дайындалып жатырмыз. Екпе алғашында 0,5 мл мөлшерінде, ал жартысы 21 күннен өткен соң егіледі. Ол иық бұлшық етіне салынады. Бір флакон 5 адамға жетеді. Екпенің методикалық әдістерін үйрету мақсатында мамандар арнайы курстан өткен. Вакцинация жүргізер алдында тұрғындардың денсаулығы тексеріледі. Егер дене қызуы жоғары болса, екпе салуға болмайды. Екінші кезеңде білім беру, полиция қызметкерлері қамтылады, - дейді.
Ал аудан орталығында короновирусқа қарсы вакцина алған мұғалімдердің алғашқы легімен екпе салғызған №1 Федоров орта мектебінің мұғалімі Алтынай Пернебекова: «Пандемия салдарынан бір жыл бойы шәкірттерімізді қашықтан оқытып келеміз. Алғашында қиын болғаны рас. Жүре келе, онлайн сабақ беру тәсілдеріне жатығып алдық. Дегенмен, шәкірттеріңді бетпе-бет, көзін көріп отырып, сабақ берудің жөні басқа. Қазір біз аралас сабақ беруге көштік. Мектепте балалармен көрісеміз, оған қуаныштымыз. Мектепте барлық сақтық шараларын орындаймыз – балалармен ара қашықтық сақтау, бетперде, қолғап, антисептик қолдану үйреншікті болып кетті. Вакцинация басталуын өз басым үмітпен күттім. Мектептегі ұжым ішінде алғашқылардың бірі болып екпе салғыздым. Вакцина салар алдында медиктер денсаулық жағдайымды қарады. Қызуымды өлшеп, қан қысымымды тексерді. Денсаулығым жақсы болған соң, маған "Спутник V" вакцинасын екті. 30-40 минуттай дәрігер бақылауында болдым. Қазір учаскелік медбике телефон арқылы жағдайымды біліп отыр. Өз басым вакцинадан еш ауыртпалық көрген жоқпын. Әріптестеріме де жағдайымды айтып, «екпе салғызу ауруға қарсы тұруға жақсы мүмкіндік» деп айтып жатырмын, - деп өз тәжірибесімен бөлісті.
Ия, әлі де болса вакцинацияның қажет екеніне көзі жетпегендер не болмаса алып-қашпа әңгімелерге ілесіп жүрген жерлестер бар ортамызда.
Осы орайда, ғаламторда жарияланған ақпараттар арқылы қазір салынып жатқан вакцина жайында мәліметтер ұсынамыз.
Ресейлік "Спутник V" вакцинасы туралы не белгілі?
Ресейлік "Спутник V" немесе "Гам-Ковид-Вак2" векторлы вакцинасы SARS-CoV-2 гені енгізілген аденовирус ДНҚ негізінде жасалған.
Вакцина адамға екі рет салынады. Бірінші компонентте (препаратта) коронавирустың құрылымын анықтайтын ақуызды реттейтін ген - нуклеин қышқылы бар. Екінші компонентте де бірінші препараттағы ген бар, бірақ ол аденовирус ДНҚ-нан алынған құрамға кіреді. Яғни, адамға бірінші препарат салынғанда S-ақуыздарға қарсы антидене қалыптасады. Антиденелер вирусты бейтараптандырады.
Екінші компонент салынғанда антиденелердің саны өседі. Сонымен қатар, бұл антиденелердің "есте сақтау қабілеті" қалыптасады. Яғни, жарты не бір жылдан кейін адам организмінде антиденелердің саны азая бастағандықтан адам вирусты қайтадан жұқтырған жағдайда 1-3 күнде қажет антидене қалыптасады.
Неліктен коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина тез әзірленді?
Пандемия кезеңінде осы вакцинаға аса қажеттілік туындады. COVID-19 вакцинасын әзірлеу бүкіл әлемде коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыру және адамдың жаппай өлімі орын алғандықтан,аса шұғыл жағдайда өтті. Бұдан басқа, фармацевтикалық компаниялар проблеманың ғаламдық деңдейде болуына байланысты вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурстар жұмсады. Бірақ оның жылдам әзірленуі компаниялардың қауіпсіздік хаттамаларын айналып өтті деген сөз емес.
Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Вакцинаның жанама әсерлері бар ма?
Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу және сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты, қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның организмі кез-келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды.
Неліктен вакцинаны екі кезеңде алу керек?
Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.
Адамда коронавирустық вакцинаға аллергиялық реакцияның болуы мүмкін бе?
Медицина қызметкерлері кез-келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салу медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте, аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әр түрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек: дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.
Интернетте халықты вакцинация арқылы жаппай чиптеу туралы айтылып жүр. Бұл қаншалықты ақылға қонымды?
Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамды чиптеумен байланысты емес. Вакцинация жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.
Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?
"Спутник V" вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек ҚР 60 жасқа дейін кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады. Қазақстанда өндірілген вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-ші кезеңінен өтуде. Бүгінгі күні отандық вакцина жөніндегі бекітілген нұсқаулық жоқ, сондықтан осы вакцина бойынша контингент анықталуда.
Жұқпалы аурулармен күресте вакцинациялау вируспен күрестің ең тиімді де нәтижелі әдісі ретінде белгілі. Егу, вакцинация – адам организміне вакцина немесе арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшін қолданылатын әдіс. Мысалы, екпе салу арқылы балалар арасындағы қызылша, сал аурулары, баудай түсіретін қара шешек жойылды.
Әлемдік пандемияға айналған короновирусты да вакцинациялау арқылы тоқтатуға болатынына ғалымдар сенімді. Сондықтан, короновирусқа қарсы вакцина салуды құбыжық емес, қорғаныш ретінде таныған дұрыс.
Камелия Карекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz