Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың кезекті есеп беру жиыны Янайкин ауылдық округінде өтті. Округ әкімі Сәуле Аққайырова биылғы қаңтар айындағы есеп беру жиынында айтылған мәселелердің орындалу барысына тоқталды.
Атап айтқанда, Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта білім беретін мектепке Скворкин және Богатск елді мекендерінен оқушыларды тасымалдау үшін мектептің УАЗ көлігін жаңарту ұсынылған. Бұл мәселе бойынша аудандық білім беру бөлімі облыстық білім департаментіне өтініш жолдап, нәтижесінде көлік жаңартуға қаражат бөлінетіні хабарланды. «Автобус сатып алу» мәселесі бюджет жоспарында жетінші кезекте тұр.
Сондай-ақ, көгілдір отын бойынша Богатск ауылын газдандыру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткен. Қаржы бөлінгеннен кейін, құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылы басталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету мен дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі де шешілді.
Жиын барысында ауыл тұрғындар кәріз жүйесі үшін арнайы орын бөлу, ауылішілік жолдардың сапасы мен электр жүйесінің тұрақсыздығы және жұмыссыздық мәселесін көтерді.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов жұмыссыздық мәселесін шешу үшін жасалып жатқан шаралар мен ауданның экономикалық белсенділігі туралы баяндады.
Аудандағы экономикалық белсенді халық саны – 32 872 адам, бұл аудан тұрғындарының жалпы санының 53,4%-ын құрайды. Оның ішінде 31 863 адам әртүрлі салада жұмыс істейді. Ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2,5% болса, бұл облыстық деңгейден (4,8%) төмен. 2024 жылдың 1 қарашасына дейін аудан бойынша 1 069 жаңа жұмыс орны ашылды (жоспардың 112%). Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 491 адам жұмысқа орналастырылды.
Кәріз жүйесін орнату үлкен шығынды талап етеді. Еуропалық үлгідегі жүйе 1 млрд теңге, қытайлық үлгі 300 млн теңге тұрады. Бюджет мүмкіндігін ескере отырып, қазіргі уақытта арнайы орынға қаражат бөлу мүмкін емес. Сондықтан жақын маңдағы Көшімдегі кәріз жүйесін пайдалануды ұсынамын. Сондай-ақ ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жобалары тапсырылғанымен, қазіргі уақытта қаржы мәселесі қолбайлау. Өздеріңізге мәлім, көктемгі су тасқыны салдарынан бірқатар жобалар кейінге шегерілді. Бүгінгі негізгі міндет - шекараға жақын орналасқан елді мекендерге жол салу. Электр жарығының жиі өшіп қалу мәселесі бақылауға алынады,- деді Марат Лұқпанұлы.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы