Жалпақтал ауылының Мәдениет үйінде Өнер мектебі оқушыларының «Бір жыл — бір белес» атты есеп беру концерті өтті.

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасының шымылдығы Қазанғаптың «Шыныаяқ тастар» күйімен ашылып, мектеп жанындағы Жасұлан Ержанов жетекшілік ететін өнерлі оқушылардан құралған оркестрдің орындауындағы тамаша туындылармен жалғас тапты. Үріп ауызға салардай сүп-сүйкімді қос бүлдіршін Ерке мен Ұланның жүргізуі әдемі кештің ажарын аша түсті. Мамыр айының мамыражай күнінде ұстаздардың шеберлігін шыңдап, сансыз шәкірттің өнерге қанатын самғатқан, ұзақ жылғы тарихы бар Жалпақтал балалар өнер мектебінің жыл сайынғы дәстүрлі есеп беру концерті биыл да өз биігінен табыла білді. Оның үстіне биылғы оқу жылы өнерлі мектеп үшін жақсы жетістіктер мен соны жаңалықтарға толы болды. Мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық түрлі байқауларға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жылдың ең басты жаңалығы — Жалпақтал балалар өнер мектебінің іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Қуаныш Жақыпұлының 75 жылдығына орай аудан көлемінде мектеп оқушыларына арналған «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты домбырашылар байқауы өткізіліп, Қуаныш Жақыповтың есімі балалар оркестріне берілгендігі болды. Есепті кеш облыстық байқаулардың лауреаты Гүлназ Кенжеғалидың орындауында «Желдірме» әнімен бірінші және екінші сынып оқушыларынан құралған ұлт аспаптар ансамблінің орындауында Моцарттың «Аллегретто» туындысымен, Шолпан Валериянқызы жетекшілік ететін облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты «Гүлім» бишілер тобының «Ұршық» биімен, республика бойынша «Мейірімді», облыс бойынша «Таза ауыл» номинациясының иегері атанған Жалпақтал ауылы бейнеленген суреттер галереясын көрсетіп, халық әні «Қызыл құмда ауылым» әнін орындаған Аяжан Тілегенқызы, Мейрамгүл Талғатқызы, Гүльжанар Маратқызы жетекшілік ететін қобызшылар ансамблі, Ақылбек Рухоллаұлы жетекшілік ететін домбырашылар тобының орындауында «Құлыншақ» күйі, Гүлжанар Маратқызы жетекшілік ететін ұлт-аспаптар ансамблінің орындауында Абайдың «Торыжорға» күйі, Шолпан Валериянқызы жетекшілік ететін «Аққу» би тобының орындауында «Татар биі» мен «Веселые дождики» билері, Фариза Тимурқызы жетекшілік ететін вокалдық топтың орындауында «Бірлігіміз жарасқандай» әні, Жасұлан Орынғалиұлы жетекшілік ететін домбырашылар квинтеті «Ақкөркем» туындысын, Мейрамғали Дарунаның орындауында «Қарлығаш» әндері көрерменге жолданды.

Бір жыл бойына ұлағатты ұстаздардың маңдай терлер төгілген бұл жұмыста өнердің барлық түрі қамтылған. Шара барысында оқушылардың бірі домбыра шертіп, бірі әсем ән салып, енді бірі қылқаламмен сурет салып, тағы бірі қолөнер арқылы ғажайып дүниелер жасаған. Осындай сан қырлы өнердің бәрін шәкірт бойына дарытып жүрген ардақты ұстаздардың еңбектері жана берсін! Әр шәкірттің жетістігіне қуанған – ұстаздарға арнап өнерлі шәкірттер «Ұстаздарға қошемет» әнін жолдаса, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Үлгілі «Қыз Жібек» ансамблі «Домбыра», «Махамбет термесі» әндерін тарту етті. Әдемі кешті өнерлі балалардан құралған хор ұжымы (жеке дауыста облыстық және республикалық байқаулардың бас жүлде иегерлері Даруна Мейрамғали және Ақжүрек Темірханов) «Елім жерім», «Атамекен» әндерімен қорытындылап, көрерменге тамаша кеш сыйлады.

Өнердің мәңгілік шабыт, жарқын болашақ екенін беріле айтқан Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Хайрлиев өнерлі білім ордасының директоры Гүлгүл Бақтыбайқызына өнер сүйер қауым атынан Алғыс ұсынып, жас өрендерге толайым табыс тіледі.
Осылайша, жас өрендердің есепті концертінен үлкен әсер алған көрермен қауым сол күні үйлеріне тамаша көңілмен тарқасты.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы