22.03.2023, 15:40
Оқылды: 118

Жаңақала халқы Наурызды ерекше шаттықпен тойлауда

Бүгін «Достық» алаңында «Төрлет, құтты Наурызым» атты мерекелік іс-шара оздырылды.  Бұл мерекені аудан халқы ерекше шаттықпен тойлауда.

IMG_9818

Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі Жаңақала ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Орталық алаңда ретімен құрылған киіз үйлер сән түзеп, алыстан көз тарта алаң ажарын ашып, мерекелік шараларға ерте жиналған қауымға жақсы көңіл күй сыйлады. Мерекеге жиналған тұрғындар ең алдымен ұлттық салт-дәстүрлерді  дәріптеген көріністердің куәсі болды.

IMG_9852

Одан әрі салтанатты шарада аудан әкімі Дархан Закарин аудан жұртшылығын Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын! Тіршілік жаңарып, жыл бастауы болған Әз-Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Ұлыс оң болсын! Осы мерекемен тұспа-тұс келген мұсылман қауымның қасиетті мерекесі  - Рамазан айы да құтты болсын», - деп ізгі тілегін жеткізді.

IMG_9794

Содан соң кеше ғана өткен сайлау науқанында Мәжіліс депутаттығына сайланған Абзал Құспан да сахна төріне шығып, Жаңақала жұртшылығына алғысын білдірді.

-Құрметті жерлестер! «Азамат аяғын жерге тірейді, иығын елге тірейді» дегендей, өздеріңіз білетін кешегі өткен саяси додада ауылдастарым сіздерге сенім артып, сіздерге иығымды тіреп, әуелі Алла, содан соң елім, халқым қолдар деп үлкен додаға қатысып, сіздер маған үлкен қолдау білдірдіңіздер. Ауылдастарымның алдына келіп, бірауыз алғысымды айтуға келіп тұрған жайым бар. Келіп жеткен Наурыз мейрамы баршаңызға құтты болсын! Маған сенім артқандарыңызға алғысым шексіз!, - деді.

IMG_9786

Мұнан соң аудан басшысы бастаған бір топ аудан азаматтары алаңда құрылған киіз үйлерге бас сұғып, жиылғанғандарға ыстық ықыласын жеткізді. Айта кетейік, орталық алаңда мекемелердің бірлесуімен онға жуық киіз үй тігіліп, Наурыз көже таратылды.

​Сондай-ақ шара барысында орталыққа жиылған жастар ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түссе, бойжеткендер мен қыз-келіншектер ұлттық дәстүрді, әдет-ғұрыптарды насихаттады.

Күн мен түн теңесіп, жер-жаһан жайма шуақ рахат нұрына бөленетін осынау ұлы мерекені қарсы алған аудан тұрғындары Наурыз көжеден дәм татып, ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берісті.

 

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале