Бүгін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жаңақала ауданы орталығындағы Астана көшесінің бойынан Самат Аманжоловтың бастамасымен «Astana» супермаркетінің ашылу салтанаты өтті.
Жеке кәсіпкер бұған дейін де сапалы киім-кешек сатып, саудамен біраз уақыттан бері айналысып келе жатыр. Өзгеге алақан жаймай, өз қаражаттарынан ашып отырған отбасылық бизнестері әрі қарай дамып, жаңа қырынан шыңдалуда. Айтулы күнде ауылдың беделді азаматтары мен тұрғындары жиылып, ресми сәттің куәсі болды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жайымов сөз алып, жаңа істің алға басуына ниет етіп, лента қию рәсімін орындады.
Шашу шашылып, жайылған дастарханнан дәм етіп, қуанышқа ортақтасып келген қонақтар өз құттықтау лебіздерін білдірді. Әрі қарай тұтынушылар қажеттілерін алып, жаңа сервиспен танысып өтті.
Қазіргі таңда қызметкерді жұмыспен қамтып отырған бұл кәсіп иелері алдағы уақытта да жұмысшылар іздейтінін хабардар етті. Жаңа бағытта бастау алған азық-түлік дүкені халық мүддесіне жарап, алғысына бөленетін кәсіп болғай.
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz