Жылдың басын Наурыздан бастап санайтын қазақ үшін бүгін ұлы күн. 14 наурыз – Көрісу айт қарсаңында Жаңақала аудандық мәдениет үйінде ұлттық дәстүрімізді ұлықтап жүрген «Айзере» әжелер ансамблінің 15 жылдық мерейтойына арналған «Әжелер салған ән қандай!» есеп беру концерті өтті.
Кез-келген ортаның ажарын кіргізген ансамбль бабаларымыздан мирас болып келе жатырған, кейінгі кездері ұмыт болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдени мұраларымызды халқымызға қайта қауыштырып, келешек ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбие сіңіру мақсатында аянбай қызмет атқарып ел құрметіне бөленіп жүрген өнер ұжымы. Өнер ұжымы 15 жыл ішінде көптеген жетістіктерге жетіп, шаралардың бел ортасынан көрініп жүр. Ұжым 2010 жылы құрылған. Алғашқы жетекшісі Жұмағаным Құспанғалиева болса, 2017 жылдан бері жетекшісі Найля Сисенғалиева. Әжелер ансамблі құрамында бүгінгі таңда 13 әже өнер сөрсетіп келеді.
Кеште «Айзере» әжелер ансамблі халық әндерін нақышына келтіре орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Солардың ішінде «Әриайдай», «Маржанқыз, «Бақыт», «Көзімнің қарасы» әндерін ерекше әуелетті. Сонымен бірге «Құрсақ шашу» дәстүрінен көрінісін ұсынып көрермен көзайымы болды.
Ансамбльді осы жылдар ішінде сырнайда сүйемелдеп, шығармашылықтарының шыңдауына үлес қосып келе жатырған сазгер, сырнайшы Ерлан Сатыбаевқа құрмет көрсетіліп, әжелермен бірнеше әндерді шырқады. Кеш соңында немерелері әжелеріне гүл шоқтарын сыйлап, аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы құттықтау сөз сөйлеп, алғысхат табыс етті.
Аруғаным Қазиева
Жаңақала ауданы