26.03.2024, 23:00
Оқылды: 39

Жәнібек ауданы: оқушы сабақтан қалса, ата-ана жауап береді

Бүгін Жәнібек ауданының әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалығымен кәмелеттік жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс мәжілісі өтті.

FB_IMG_1711458093627

Жиынға комиссия мүшелері һәм ZOOM платформасы арқылы аталған комиссияның облыстағы мүшесі, депутат Мүслім Жәрдемов қатысты. Күн тәртібіндегі оқушылардың яки студенттердің ұзақ уақыт бойы сабаққа қатыспауы туралы өзекті мәселені аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев, олардың радикалды топтардағы қоғамға қарсы және одан да басқа заңсыз іс-әректтерге қатысуын болдырмау жөніндегі шараларды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садиров баяндады.

- Жалпы білім беру ұйымдарында үш немесе бір апта бойына сабақтан қалған оқушылар ауырып қалуына байланысты ауруханадан анықтамаларын тапсырды. Олардан бөлек жарысқа кеткен оқушылар бұйрықпен босатылды. Атап айтар болсақ, Т. Жароков атындағы мектепте сабақты көп қалдырып, кешіккен оқушыларға түсінік жұмыстары жүргізіліп, полиция қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналысында талқыланып, ескерту берілді. Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі инспекторы Д.Сұлтанов аптасына екі рет мектепке келіп, оқушылармен жеке түсінік жұмыстарын жүргізді,- деді Асхат Хамитұлы баяндамасына сүйеніп.

Білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиевтің айтуынша, жүзеге асқан іс-шаралар нәтижесінде Т. Жароков атындағы мектепте 3-тоқсан бойынша сабақтан себепсіз қалған оқушылар анықталмаған. Дегенмен аудан орталығындағы қалған білім ордаларындағы білім алушылардың мектепке кешігіп келуі, сабаққа жөн-жосықсыз бармайтыны белгілі болды. Бөлім басшысы олармен тығыз байланыста болып, түйткілді шешуге тырысамыз деген ойын білдірді. Ләззат Айтқалиқызы жастардың, әсіресе жасөспірімдердің дінге көзқарастарын, олармен бірлесе жүріп жатқан шараларды, түрлі кездесулерді айтып, ойларының түзу екендігін жеткізді. 2024 жылдың 1-тоқсанында діни экстремизм және терроризмнің алдын алу мақсаты үшін мектеп оқушыларымен төрт, мешіт жамағатының балаларымен бір кездесу өтіп, барлығы жүз отыз алты адам қатысқан.

-«Кәусар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, теолог Ринат Кенжеғалиев, жалпы ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері бұл мәселені үнемі назарда ұстап келеді,- деді Ләззат Садирова.

Мәжіліс соңында Мүслім Ғилманұлы комиссия мүшелеріне сұрақтарын қойып, мардымды жауап ала алды. Жақсылық Каримоллаұлы жасөспірімдердің тәртібіне бей-жай қарамау керектігін ескертіп, күн тәртібінен тыс мәселелерді жеткізді.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале