Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігі, «AMANAT» партиясы, халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге екі қолға бір күрек тапқалы келген жандарға аудан әкімі Тимур Шиниязов сәттілік тіледі. Қысқа да нұсқа сөйлеген ол:
– Аудан тұрғындары жұмыссыз жүрмеуі керек. Біз оларға мүмкіндік беруге дайынбыз. Бүгінгі жәрмеңкенің мақсаты да соны көздейді, - деді.
Аталмыш шарада аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, мәдени демалыс орталығы, білім беру бөлімі, аурухана, мектептен тыс жұмыстар орталығы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, сонымен қатар «Символ» ЖШС, «Қызылорда жолдары» ЖШС мен «Кит» ЖК, «Batys alga» ЖК өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды.
Бас-аяғы 45 жұмыссыз азамат қатысып, соның ішінде 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 3 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіліп, 1 адам жастар тәжірибесімен іске кірісті.
Әлібек Қаржау
Жәнібек ауданы