Бүгін аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметовтың қатысуымен Жәнібек ауылдық округінің әкімі Ғибрат Айтқалиев тұрғындар алдында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Ғибрат Талғатұлы өз хабарламасында мал табындарын асыл тұқымды бұқалармен және сумен қамту, көшеде қараусыз жүрген малдарды айып тұрағына қамау, қысқы мал азығымен қамтамасыз ету, ауылды абаттандыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, ауыл ішіндегі көшелердің шөбін шабу, «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Жиында сөз алған Жаннұр Бекбауұлы аудан орталығындағы ауылішілік автожолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, тұрғын үймен қамту, тағы басқа мәселелер жөнінде баяндады. Сонымен қатар жиынды пайдалана отырып, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Нұрлыбек Қадыров интернет алаяқтығы, бағымсыз жүрген мал иелеріне салынатын айыппұл туралы айтты.
Жиында сөз алған ауыл ақсақалдары Бекет Әліпқалиев пен Амангелді Уәлиев ауыл әкімінің атқарып жатқан жұмысының кей тұстарындағы олқылықтарды атап өтіп, жалпы жұмысқа қанағаттанарлық баға берді. Сонымен қатар олар бір ғана мәселеге тоқталды. Ол – халықпен жұмыс.

Қос ақсақалдың айтуынша, есептік кездесудің хабарландыруы халыққа жетпеген немесе ауыл бойынша мәселе легі азайған-ды.
Бүгінгі есеп беру кездесуге келген ауыл тұрғындарын саусақпен санап алуға болады. Төбе көрсеткендер – мекеме басшылар мен қызметкерлер. Ауыл тұрғындарының кездесуге келмеуі мәселелерінің болмауы деп топшыладық.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы