Жәнібек ауданы әкімдігінде атбегілікті дамыту туралы отырыс өткізіліп, оған аудан әкімі аппаратының мамандары, дербес бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімі аппараттарының мамандары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, әуесқой атбегілікпен айналысушылар қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов ауданда қазір жасөспірімдерді ұлттық спортқа баулу мақсатында 2015-2016 жылғы оқу жылынан бастап, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан ат спорты бөлімі жұмыс істеп, ат спортын дамыту мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асырғанын айтты. «Аталған шараларды аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарда насихаттау көзделіп отыр. Сонымен қатар шараларды өткізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша кейбір талаптар да өзгеріп отырады»,-деген әкім орынбасары аудан бойынша ат бегілікті қалыптастыру мен жетілдіру бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.
Бас қосуда аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов ауданда ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды және ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президентінің қолымен бекітілген ат бәйгесін өткізу ережесімен жиынға қатысушыларды таныстырып, ауданда атбегілікті дамыту, ат спортын насихаттау және оны өткізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалау туралы баяндады.
Бұдан соң бас қосуға қатысушылар аудан бойынша ат спортының қанат жаюына сеп болатын жайттар, оны көпшілік арасында насихаттап, түсіндіру жөнінде өздерінің ұсыныс, пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, жиында ауданда ат спорты федерациясын құру мәселесі талқыланып, көпшіліктің ұсынысымен федерация президенті болып Арсен Кенжәлиев, вице-президенттігіне Нұрболат Шағыров сайланды.
Н.Жапақов
zhaikpress.kz