Жыл сайын оқу жылы аяқталғаннан кейін балалардың жазғы демалысқа асығатыны сөзсіз.
Бүгін Жәнібек аудандық «Балдәурен» жазғы демалыс лагерінің жұмысы басталып, салтанатты ашылу шарасы өтті.
Шара басталысымен биылғы лагерь үжымының өнерлі, жаңашылдыққа құмар мамандармен толыққаны бірден білінді. «Менің атым Қожа» фильмінің желісін негізге ала отырып, жаңа форматта ұйымдастырылған шараның шымылдығын әнші Мейрамгүл Дәулетқалиева «Астана» әнімен ашты.
Аталған шараға демалушы жеткіншектерді құттықтап, лагерь ұжымына сәттілік пен жылы лебізін білдіру үшін аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов арнайы келді. Өз сөзінде ол жазғы демалыстарын жақсы естеліктермен есте қалатындай етіп өткізіп, үйренген-білгендерін оқу жылы басталғанда пайдаларына жарата білуін тілге тиек етті.
Жақсылық Каримоллаұлы әкімшілік қызметкерлерімен бірге демалыс лагерінің тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, бағасын берді. Былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда жаңарып қалған «Балдәурен» демалыс лагерінде әжептеуір жұмыстардың жүргізілгені бірден байқалды. Жаңа төсек-орын, жаңарған асхана мен жуыну бөлмелерін көргенде көз қуанды. Жарықтандыру жүмыстары да жақсарған. Электр сымдары мен дабыл жүйесі толықтай жаңартылып, қауіпсіздік тұрғысынан алаңдауға себеп жоқ.
Лагерь басшылығының мәліметіне сүйенсек, биыл лагерь 6 кезеңде 168 оқушы лагерьге барады. Яғни әр кезеңде 28 оқушы болады. Тамақтану режимі былтырғыдай сақталатын болады.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы