Жәнібек ауылының шығыс бетінен орын тепкен «Жайлау» атты ат спорты кешенінің ашылу салтанаты болды.
Кешеннің салынуына жылқы десе жанып түсетін Серік Дәулетов, Биболат Шагиров сынды азаматтар мен Т.Жароков атындағы орта мектептің 1980 жылғы түлектері мұрындық болған.
Алдымен аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев Құран бағыштады. Аудан әкімі Азамат Сафималиев құттықтау сөз сөйлеп, кешеннің құрылыс жұмыстарын жүргізуге атсалысқан бір топ азаматтарға алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ биыл Орал қаласында өткен облыстық чемпионатта екінші орынға ие болған көкпаршыларымызды алғысхатпен марапаттады. Сонан кейін сөз кезегін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров алып өзінің ізгі тілегін арнады. Осы іске атсалысқан басқа да азаматтар құттықтап, ниеттерін білдірді. Лента қию рәсімін аудан басшысы Азамат Сафималиев пен еңбек ардагері Әбес Темешев атқарды. Бұдан соң жиналған қауым кешенді көріп, ат үстіндегі аударыспақты, жамбы атуды тамашалады.
Айта кетейік, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есенаманұлы аудан басшылығымен бірге №1 мектеп-лицей жанындағы және М.Ықсанов пен Қ.Мусин атындағы көшелердің қиылысында орналасқан асық ату алаңына барды.
Асқар Құсайынов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz