14.12.2024, 9:00
Оқылды: 17

Жәнібекте Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара өтті

Биыл – ел Тәуелсіздігінің 33 жылдығы. Сондай-ақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 38 жыл толып отыр. Осындай маңызды күндер қарсаңында бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудандық демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Желтоқсан оқиғасы — Тәуелсіздік бастауы» атты ашық алаң сипатындағы мерекелік шара өтті.

image-13-12-24-06-49-4

Шараның мақсаты — Желтоқсан оқиғасының туындау себептері мен саяси маңызын жастарға кеңінен ашып түсіндіру.

image-13-12-24-06-49-5
Алдымен лэд экраннан желтоқсан боздақтарының бастан кешкендері мен саяси ахуалдың бейнесі көрсетілді. Кейіннен аудандық мәдениет үйінің қызметкері Райымбек Нұрғалиев Қайрат Рысқұлбековтың бейнесінде шығарма орындап, Райымбек Кәрімовтың орындауында «Желтоқсан желі ызғарлы» әні бойды шымырлатты.

image-13-12-24-06-49

Әрмен қарай шараның арнайы қонақтары аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев, Т.Жароков атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Жасқайрат Каргин, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Меңдіхан Халиханов және №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аяулым Хамитовамен ашық әңгімелесу жүрді. Әр спикер Желтоқсан оқиғасын өз көзқарасы тұрғысынан пайымдап, жиналған жастармен бар білгендерімен бөлісті.

image-13-12-24-06-49-1
Кешегі күн бүгін тарих деп басталған сырлы әңгімелер жастарға өзінше жігер сыйлады. Тағылымды кездесуде көрермендер тарапынан қонақтарға сұрақтар қарша борамаса да, патриоттық тәрбиеде өнеге алатындай ұлағатты сөздер тыңдалды. «Тәу етер тәуелсіздігіміздің бізге берері не болды?» деген сұраққа жас буын өкілі атынан Аяулым Айбекқызы мардымды жауап беріп, дәл осы жастарға жасалып жатырған мүмкіншіліктер турасында баян етті. Жаңа буын өкілдеріне берері мол шарада патриоттық әндер шырқалып, еңсе көтерер әңгімелер мен Желтоқсан тарихы тағы бір мәрте жаңғырды.

image-13-12-24-06-49-2

Кеш Қазақстан Республикасының Халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен қорытындыланды.

Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале