Орал қаласында республикалық «Жас барыс» турнирінің облыстық кезеңі аяқталды.
Турнирдің өңірлік кезеңге зеленовтық жас палуандар да қатысты.
Фарид Сәпиев пен Манарбек Кенжеғалиевтен тәлім алатын жас палуандар намысты қолдан бермеуге тырысты. Боз кілем бәсекесінің қорытындысында переметныйлық Ербол Тынышбаев 38 келі салмақта балуандар арасында үшінші орынға табан тіресе, 46 келіде боз кілемге шыққан Қайрат Байгузин де үшінші орыннан көрінді. Дәл осы нәтижені 51 келі тартатын балуандар арасында боз кілемге шыққан дарияндық Мәрлен Сәбит қайталаса, тағы бір дарияндық боз кілем шебері Нұралы Науанов 81 келілік балуандар бәсекесінің финалына шыққанымен сәттілік жетіспей, күміспен күптелді. Командалас достарының олқылығын 72 келіде белдескен Асан Биғалиев толтырды. Қарсыластарын қоғадай жапырған дарияндық дарынның күресі көрерменнің де күрес мамандарының да таңдайын қақтырды. Енді Асан жарыстың республикалық кезеңінде өңір намысын қорғайтын болады.
Түгелбай БИСЕН,
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!