Бостандық ауылдық округінде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова аудан жастарымен жүздесті. Кездесуге ауылдық округтердің жастар ресурстық орталығының мамандары мен жастары қатысты.
Шара барысында сөз алған Зәйлім Исатайқызы жастар саясатының мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі ретінде дамып, бүгінгі таңда елімізде жүзеге асырылып келе жатқанын, Елбасының қолдауымен жастарға қатысты қабылданған маңызды мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқандығын айтты. .
-Аудан халқының 20%-ын 14-29 жас аралығындағы жастар құрайды. Күні кеше Елбасымыз өз Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп жариялады. Яғни, Жастар жылында бірқатар жобаларды жүзеге асырып, жұмыс атқаруымыз қажет, -деді З.Мәжитова.
Кездесуде Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нұрекешов, «Қазталов жастар кеңесі» ЖҚБ-нің төрайымы Жұлдыз Талапова, Тереңкөл ауылдық округі бойынша жастар ресурстық орталығының кеңесші маманы Есен Әбішев 10 айдың ішінде атқарылған істер жөнінде хабарлама жасады.
Хабарламаға құлақ салған аудан әкімінің орынбасары жұмысты ұйымдастыру бағытында өз ұсынысын білдірді.
-Әрине, жастардың жұмысын жоққа шығармаймыз. Алайда сіздерге өз жұмыстарыңызды айлық, апталық және жылдық жұмыс жоспары негізінде жүргізуге кеңес берер едім. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында ғана тиісті нәтижеге қол жеткізу мүмкін болады. Болашақта көшпелі шаралар ұйымдастыруды қолға алу маңыздырақ болып отыр. Осының аясында әрбір ауылдық округте отырған кеңесші мамандар Жастар жылына аудандық деңгейде өтетін жобаларын ұсынса, ұтарымыз көп болады. Сондай-ақ бұған қосымша Қазталов, Жалпақтал ауылдарында облыстық деңгейдегі жобаларды өткізуіміз керек. Бұның сыртында Тереңкөл ауылдық округіне жастарымыздың білімі мен біліктілігін және көшбасшылық қабілетін анықтайтын «Интелектуалды клуб» ашуды жоспарға енгізу қажет, -деп Жастар жылына жоспар жасақтауды тапсырды.
Тереңкөл ауылдық округінің жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Райымбек Тілеков болашақта өлкеміздегі ақындардың шығармашылығын жастар арасында дамыту мақсатында Қадыр оқуларын өткізуді, сондай-ақ тереңкөлдік жас ақындардың басын қосып Нығмет Нағымов атындағы ақындар клубын құруды жоспарлап отырғандарын тілге тиек етті.
Кездесуде жастардың көңілге қонымды тың ойлары мен жобалары бар екенін анық байқадық. Тек соларды айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдеу үшін жастардың белсенділігі ауадай қажет.
Жұлдыз АСҚАР
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz