«Жасыл ел» еңбек жасағы – 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Жобаның негізгі мақсаты – жастардың көмегімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау, елге, жерге деген патриоттық сезімді нығайту. Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 20 жыл толды. Ал аудандарда жобаның басталғанына 10 жылға жуық уақыт толып отыр. Осы жылдар көлемінде ауданымыз бойынша 500-ден астам жас бағдарлама аясында еңбек етті.
Қоршаған ортаны көгалдандыру, табиғатты қорғау және жастарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған «Жасыл ел» еңбек жасағының жиырмасыншы маусымының І кезеңі аяқталып, ІІ кезеңі бойынша сарбаздар жұмыстарын бастады.
Аталмыш бағдарлама негізінде алғашқы кезең бойынша 25 студент жас жұмыспен қамтылса, екінші кезең бойынша 31 сарбаз қамтылды. Қазіргі таңда Шарафутдинов, Желтоқсан, Сейфуллин, Ы.Сауанов көшелері мен ауданға кіре беріс бағыты, аурухана аймағы, орталық алаңдар, саябақтарды, жағалауларды тазалау, қоршаулардың ішіндегі арам шөптерден тазалап қана қоймай, қураған ағаштарды кесіп, тасжол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында белсенділік көрсетуде.
«Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың тазалығына өз үлестерін қосып жатыр.
Бақытжан Ерғалиев, Алматы қаласындағы «Нархоз» университетінің ІІ курс студенті:
– Мен «Жасыл ел» абаттандыру жұмысына қатысу мақсатында өтініш білдірдім. Бұл жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Біз туған жеріміздің абаттандыру жұмыстарында еңбек етеміз. Еңбек ету арқылы жастар бір-бірімен танысып қана қоймай, өз ауылының гүлденуіне үлесін тигізеді. Өзім сияқты замандастарымды бос уақытын текке өткізбей, еңбек етуге шақырамын, - деді.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы