18.10.2016, 18:14
Оқылды: 18

Аз қамтылған отбасылар саны 180-ге азайды

%d0%b0%d0%b7-%d2%9b%d0%b0%d0%bc%d1%82%d1%8b%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%be%d1%82%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bb%d0%b0%d1%80-%d1%81%d0%b0%d0%bd%d1%8b-180-%d0%b3%d0%b5-%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d0%b9%d0%b4 Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жанат Асантаевпен брифинг өтті. Онда  жұмыссыздықты азайту, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту бағытындағы атқарылған жұмыстар жайында әңгімеледі.


Оның айтуынша, 2016 жылдың 9 айында облыс бойынша жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасу делдалдығымен 17167 адам жолыққан. Ресми түрде жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту органдарында 2526 адам тіркелген, бұл облыстағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,8% құрайды. Облыста жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін 2016 жылға арналған халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бекітілген. Осы кешенді жоспар бойынша 16025 адамды жұмыспен қамтудың әр түрлі шараларымен қамтамасыз ету жоспарланды. Биылғы жылдың 1 қазанына 15291 адам (95,4%) жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды (13968-і жұмыссыздар (91,3%),1323-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (8,7%)), 1161 адам бағдарламалар бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларға жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға 801 адам жіберіліп, нысаналы топттағы адамдарды жұмыспен қамту мақсатында 902 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. «Оқу орындарын бітірген түлектердің арасында жастар практикасы кеңінен таралған. Бұл жастардың алғашқы тәжірибесін жинақтауға және жас маманның еңбек нарығында бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады. Бүгінгі күнге 1161 адам жастар практикасына жолданды»,- деді Жанат Асылханұлы.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында тұрмысы жағынан аз қамтылған азаматтарға үкімет тарапынан басты әлеуметтік төлем түрлері қарастырылған. Биылғы 9 айда 520 отбасыға (2027 адам) 51,1 млн. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек, аз қамтылған 8267 отбасының (18 жасқа дейінгі 20586 балаға) балаларына 318,5 млн. теңге мемлекеттік балалар жәрдемақысы төленген. Биылғы есепті мерзімде өңірдегі аз қамтылған отбасылар саны өткен жылмен салыстырғанда 180 отбасыға кеміп, биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша 546 отбасы, оның ішінде 2185 адамды құрады. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында әлеуметтік көмектің атаулы сипатын күшейту жолымен оңтайландырудың жаңа бағыты – «Өрлеу» жобасы іске қосылғаны мәлім. Өңірде бұл жоба өткен жылдан бастау алып, аудандар түгелдей қатысуда. Жоба бойынша қазіргі уақытта 244 отбасы, оның ішінде 1265 адам әлеуметтік келісімшартпен қамтылған.

- 2015 жылғы 28 қазанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң  2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді. Жаңа заң мен қолданыстағы заңның өзгешілігі мынандай: атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін кедейшілік шегін ең төменгі күнкөріс деңгейі 40%-дан 50%-ға дейін көтерілді. Жаңа заң әлеуметтік саладағы екі маңызды өзгерісті көздейді. Біріншісі - азаматтардың кейбір санаттарына берілетін әлеуметтік төлемдерге қолжетімділікті арттыруды қарастыратын трансформация шаралары болса, екіншісі - аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту көзделеді. Аталған заң аясында қазіргі таңдағы қолданыстағы әлеуметтік жәрдемақылар, яғни көпбалалы отбасыларына арнайы мемлекеттік жәрдемақысы, аз қамтылған отбасыларына арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы, аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек түрлері жойылып, орнына бір жәрдемақы ретінде жаңа атаулы әлеуметтік көмек қабылданды, -деді Ж.Асантаев.

Оның айтуынша, облыстағы мүгедектер саны 24201 адам, бұл өңірдегі барлық халық санының 3,8 пайызын құрайды. Биыл жұмыспен тамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы жанынан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналып 40 орындық жартылай стационарлық үлгідегі бөлімше ашылды. Облыс бойынша әлеуметтік саладағы өзекті мәселелердің бірі - ересектерге арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерге орналасуға өтініш білдірушілер санының күн санап артуы. Бүгінде психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерге орналасу кезегінде 198 мүгедек есепте тұр. Осыған орай, әлеуметтік саладағы өзекті мәселенің шешімін табу мақсатында 2016 жылдың 13 қазанында Ақсай қаласы мен Ақжайық, Қазталов аудандарында 50 орынға арналған 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын ашу жөнінде облыс әкімінің қаулысы қабылданды. Бүгінгі күні аталмыш мекемелердің құжаттары әділет органдарында тіркелуде.

Брифингте Жанат Асантаев халықты әлеуметтік қолдау әрдайым назарда болатынын, бұл бағыттағы жұмыстардың жіті қадағаланып отыратынын айтты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz     

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале