1.06.2016, 17:11
Оқылды: 67

«Айлин» – он алтыншы жеке балабақша

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

    Бүгін Оралдағы диагностикалық орталық ғимараты ауданында 110 орындық «Айлин» атты жеке   балабақша ашылды. Бұл – осы санаттағы он алтыншы бөбекжай.

   Балабақшаның ашылуына қатысқан Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев жиналған қауымды нысанның ашылуымен құттықтады.


    -Қалада 15 жеке балабақша балаларымызды тәрбиелеуде. Олардың барлығы мемлекеттік тапсырыстарды орындап, әр сәби үшін бюджеттен 16-17 мың теңге көлемінде көмек алады. Жаңадан ашылған бұл балабақша да мемлекеттік тапсырысты орындайды, жаңа технологияларды пайдалана отырып, балдырғандарға үш тілде сапалы білім мен тәрбие береді деп сенеміз, - деді қала басшысы Нариман Төреғалиев. Сондай-ақ балаларды қорғау күніне орай балдырғандарға және олардың ата-аналарына тамаша тарту жасаған жеке балабақшаның құрылтайшысы, кәсіпкер Эльмира Меңдіғазиеваға алғыс айтып, қала әкімдігі атынан алғысхат табыс етті.

   Балақандарды балабақшамен қамтуда өңір кәсіпкерлері белсенділік таныта бастады. Қала басшысы Н. Төреғалиевтің айтуынша, бизнес өкілдерінен биылғы жыл аяғына дейін жалпы саны 500-ден астам балаға арналған жеке балабақша ашуға тапсырыс түскен. Қазір қала бойынша 17 мың бала мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесіне кезекте тұр.

   «Елбасының тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін балаларды бақшамен қамтуымыз керек. Өткен жылы осы уақытта қала бойынша балабақша кезегіндегілер саны 15 мыңдай болса, биыл 17 мың 600-ге жетті. Бақшадан мектепке кеткендердің орнын кезектегі сәбилер басқанмен, бала туу көрсеткішінің өсуіне байланысты кезек азаймай отыр. Мемлекеттік мектепке дейінгі 50 мекемеден басқа және 26 мектеп жанында шағын орталықтар жұмыс істейді. Сондықтан бақшамен қамтуда мемлекеттік-жеке меншік серіктестік күшін пайдалануымыз қажет. Биыл екі семинар өткізіп, кәсіпкерлерге осы бағытта жұмыс істеу жайын түсіндірдік», - деді Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова.

   Бұрынғы «Шипагер» емханасының екі қабатты ғимаратында орналасқан балабақшаның іші заманға сай жабдықталған. Балақайлардың демалатын, жуынатын, ас ішетін бөлмелері санитарлық талаптарға сай. Оқу сыныптары, гимнастика, музыка, бейнелеу  залдары, тұрмыстық-қызметтік бөлмелері жабдықталған. 350 математикалық, логикалық ойындары бар интерактивті үстел қала бойынша әзірге тек осында бар. Ауладағы ойын жабдықтары да көз тартады. Бұл кәсіпорын әлі мемлекеттік тапсырыс алмаған. Әдетте кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыс алып, соның қаржысына жетпейтінін түгендеп жататын. Ал «Айлиннің» жайы бөлек. Жалпы мұндағының барлығы кәсіпкердің талпынысымен сатып алынған. Құрылтайшы Эльмира Меңдіғазиеваның айтуынша, 25 баладан тұратын бес топқа  тәрбиеленушілер қабылданбақ. Қазірдің өзінде 53 бала келеді. Өзге балабақшадан басты айырмашылығы «Айлин» жеке балабақшасы 1-5 жастағы балақайларды  таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 10-ға дейін қабылдайды, айлық төлемі – 25 мың теңге, сәбилерді тәулікке де қалдыруға болады.  Ұжымдағы мамандар тәулік бойы ауысыммен еңбек етеді. Бүгінде 10 тәрбиеші, бес көмекші жұмыс істейді. Келешекте ауланы абаттандыру, бассейн салу жоспарланған. Кәсіпкер алдағы тамыз айында қала орталығынан жеке ясли-бақша ашпақ.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале