30.09.2016, 21:11
Оқылды: 29

Алдияр Халелов: «Ауылдағы ағайынның тілегі маңызды»

aldiarrr

Бестау және Березов ауылдарын қауіпсіз аймаққа көшірілу мәселесі жөнінде Бөрлі ауданында қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Әр тұрғынның пікірімен санасып, талап-тілектерін назарға алған өңір басшыларына халықтың ризашылығы зор. Аталмыш ауылдарды аудан орталығына еш қиындықсыз көшіру бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов сұхбат берген болатын.


-       Екі ауылдың тұрғындарын аудан орталығына көшіру қолға алынып, көшірудің бірінші кезеңінде жалпы 82 отбасы оның ішінде Березов ауылынан 75, ал Бестау ауылынан 7 отбасы, жалпы 416 адам Ақсай қаласындағы 5-шағынауданда орналасқан 80 және 75 пәтерлі тұрғын үйлерге көшірілді.

Бұл кезеңге ең алдымен әлеуметтік әлсіз топқа жататын және 2014 жылдың 28 қарашасында зардап шеккен балалар көшірілді. Әр отбасыға 1000 доллар және отбасындағы әрбір адамға 200 доллардан, сонымен қатар шаруашылық құрылыстарға, жер телімдері мен бау-бақшаларға жәрдемақы төленді.

Ол отбасылармен биыл бірнеше рет кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдадық. Тұрғындардың өтініші бойынша балаларға ойын алаңдарын салып, егде адамдар тынығатын арнайы орын да салып бердік. Жуырда ғана 22 бала Орынбор қаласындағы «Солнечная страна» шипажайына барып, демалып қайтты.

-       Екінші кезең бойынша не айтасыз, ауылда қалған тұрғындардың талап-тілегі қандай?

-       Көшірудің екінші кезеңімен 373 үйдің тұрғындары қамтылады. Оның ішінде 349 үй Березов ауылынан, ал 24 үй Бестау ауылынан. Барлығы 1455 адамды көшіреміз деп отырмыз. Бүгінде Ақсай қаласының орталығындағы Қарашығанақ-1 шағынауданында 153 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аталмыш екі үйдің құрылысын «АзияТехСтрой» және «АТК» компаниялары салуда.  Жобаға сәйкес бір бөлмелі  36 пәтер, екі бөлмелі  54 пәтер, үш бөлмелі  27 пәтер және төрт бөлмелі  27 пәтер қарастырылған, көлемдері сәйкесінше 52, 68, 88 және 102 шаршы метр.

Одан бөлек Ақсай қаласының Аралтал шағынауданында  бір қабатты 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бас мердігер «Марасант» ЖШС үш бөлмелі 50, ал мердігер «Строительная Инициатива» ЖШС  төрт бөлмелі 50 пәтерді салып жатыр.

Жоба бойынша үйлердің көлемі сәйкесінше 90 және 100 шаршы метрге жуық. Үйлерге қоса қосалқы шаруашылық нысанның құрылысы да қаралған. Үйлер барлық сәулет-құрылыс тарапына сәйкес жобаланған, жұмыстар кестеге сай жүргізілуде.

-       Жалпы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына Березов және Бестау ауылы тұрғындарының көңілдері тола ма?

-       Қос ауылда да ашық есік күнін өткізген болатынбыз. Сол кездесуде ауылдықтардың құрылыстың сапалы жүргізілуіне байланысты талап-тілектеріне орай тұрғындар арасынан комиссия құрылды. Аталған комиссия апта сайын Ақсай қаласына келіп, құрылыс жұмыстарының барысын қадағалауда. Құрылған комиссияның құрылыс барысымен келіспейтін тұстарын өз тарапымыздан қарап, оң шешімін таптық. Техникалық су мәселесін шешу мақсатында комиссия мүшелері бізге өз тілектерін айтты. Біз тапсырыс беруші «ҚПО б.в.» компаниясының қосымша қаржыландыруымен әр үйге құдық қазып беретін болдық.

-       Аталған мердігер компаниялар үйлерді қашан тапсырмақшы?

-       Бұл мәселе облыс басшысы Алтай Көлгіновтің тікелей назарында. Қай құрылыста да ең алдымен сапа болуы міндетті. Бұл - алғашқы талап. Бүгінде құрылыстың 70 пайызы толық аяқталды деп толық айта аламыз. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында барлық үйлер толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі.

-       Ал Аралтал ауылында бой көтеретін әлеуметтік нысандар және инженерлік инфрақұрылым жүйесі  жөнінде не айтар едіңіз?

-       Аралтал шағынауылында 300 орындық мектептің құрылысы тамыз айында басталып кетті. Бас мердігер «РаЗаСтрой» ЖШС аталмыш нысанды 2017 жылдың тамыз айында тапсырады. Ал екінші мәселеге келетін болсақ, Аралтал шағынауданында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысын бас мердігер «KSG» ЖШС тамыз айында өз жұмысын бастады. Жобаға сәйкес сумен қамту, газ отынымен қамту және көшеаралық жолдардың құрылысы қаралған.

Ал Қаршығанақ-1 шағынауданында 320 орындық балабақша құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бас мердігер «УральскСтройИнвест» жаңа жылға тамаша тарту жасамақ. Сонымен қатар келер жылы Аралтал шағынауданы мен Ақсай қаласының тұрғындары үшін аудан орталығының солтүстік бөлігінде де балабақша салу жоспарда тұр.

-       Салынып жатқан барлық үйлер пайдалануға ағымдағы жылдың желтоқсан айында берілгенімен, ауыл тұрғындары биыл көшкілері келмейтіндіктерін айтқан. Бұған не дейсіз?

-       Облыс басшысы Алтай Көлгіновке 362 ауыл тұрғыны атынан өтініш келіп түсті. Ол өтініште ауыл мектебінде білім алып жатқан оқушылар 2016-2017 оқу жылын Березов орта мектебінде аяқтауын және мал бағып отырған отбасылар жер аяғы кеңейген соң көшіруді сұраған.  Әрине, ауылдық ағайынның бұл тілегі орынды. Демек, алдағы 2017 жылдың мамыр-маусым айларында екі ауылдың тұрғындары да толығымен аудан орталығына көшірілетін болады.

Сонымен қатар тұрғындардың денсаулықтары да басты назарда. Күзгі каникул кезінде 30 баланы қазақстандық шипажайлардың бірінде ем алу үшін  жібереміз деп отырмыз. Қазіргі кезде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

-       Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан

 Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале