13.05.2016, 12:29
Оқылды: 30

Алға ұмтылғанға қолдау қашан да болады

????????????????????????????????????

   Мемлекеттің ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталған бағдарламаларынан жарқын мысалдар біздің ауданымызда да аз емес. Бастамалары, ізденістері республикаға мәлім еңбеккерлер бар. Ауылдарымызға солардың тәжірибесін кеңінен тарату басты назардағы істің бірі. Уақыт өткен сайын саладағы зор мүмкіндіктердің көзі де айқындалуда. Гәп соны уыстан шығарып алмауда екені аян.

  Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Сердалиннің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында ол саладағы бүгінгі жетістіктердің қайнары, бұрын белгіленген міндеттердің орындалуы, таяу арадағы істер жайында жан-жақты баяндап берді.


  Шаруа қожалықтардағы түліктердің үлес-санын дәйектеудің ерекше маңызды екені сөзсіз. Осыған байланысты ауқымды іс-қимыл тындырылуда. 2015 жылдың 1 сәуіріне мүйізді ірі қараның 46,3%, ұсақ малдың 44,2%, жылқының 69,2%, түйенің 55,8% ауылшаруашылық құрылымдарда шоғырланған болса, биылғы сол уақытқа бұл тиісінше 51,7%, 46,8%, 71,0%, және 65,1%-ға жетіп отыр. Әрине, ілгерілеу бар, соны әлде де қанаттандырған абзал. Тірлігі озық, атап айтсақ, «Аманер» (Бударин), «Сәбит» (Алғабас), «Салтанат» (Алмалы), т.б. шаруа қожалықтарының елге танымал болуы олардың істі ең алдымен кәдімгі есептілікпен, сауаттылықпен және еңбегімен көпшілікке танылған маман-ғалымдармен байланыста жүргізуінде болып отыр.

    Шаруаларымыз 2011 – 2015 жылдар аралығында асыл тұқымды 2181 бас мүйізді ірі қара (837 бас аталық, 1344 бас қашар), 312 бас жылқы, 1657 бас ұсақ мал сатып алса, биылғы төрт айда 120 бас бұқа, 210 бас қашар және 28 бас жылқы сатып алды. 2016 жылы асыл тұқымды 248 бас бұқа, 300 бас қашар, 150 қошқар және 15 бас айғыр алу ертелі межеленген еді. Сонымен қатар, биыл тұқымдық түрлендіруге мүйізді ірі қараның 13500 бас аналығымен, қойдың 18809 бас аналығымен қатысу жоспарланды. Бұл ата тегі белгісіз, өнімділігі төмен малдан арылу деген сөз. Барлық мал иелері осы қозғалысқа атсалысса, нұр үстіне нұр. Шаруа қожалықтарынан 2012 жылы 44-і 3374 бас аналығына, 2013 жылы 92-сі 7711 басқа, 2014 жылы 172-сі 11055 аналыққа демеуқаржы алуға қол жеткізді. 2015 жылы осы бағдарламаға ауданның 201 шаруа қожалығымен және 14 ауылдық тұтыну кооперативі (АТК) 13135 бас аналықпен қатысты. Аталған кооперативтер 76 бас Қазақтың ақбас тұқымының өндіргіш бұқасын сатып алып, 2184 бас аналықпен тұқымдық түрлендіру жұмыстарына қатысты және тиісінше Үкімет тарапынан 50 млн. 798 мың теңге көлемінде демеуқаржы алды. Аудандағы былтырғы жыл басындағы 28815 бас аналық малдың 45,6 пайызы тұқымдық түрлендірумен қамтылды. мұндай көрсеткіштер осыдан 10 – 15 жыл бұрын ешкімнің ойына да келмейтін. Яғни, бүгінде айтулы өзгерістер бар, бірақ бұл тоқмейілсуге негіз емес. Саулықтардың селекциялық және асылдандыру жұмыстарына былтыр 18 шаруа қожалығы 10446 баспен қатысты. Бұл да мүмкіндіктің шегі емес, әлде де ұмтылыс керек.

   «Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Үкімет тарапынан беріліп отырған көмек қаржыны алушы ауылшаруашылық құрылымдар қатары айтарлықтай көбеюде: 2011 жылы 53 млн. 196 мың, 2012 жылы 106 млн 900 мың, 2013 жылы 207 млн. 700 мың, 2014 жылы 365 млн. 200 мың теңге көмек алынса, 2015 жылы бұл 534,1 млн. теңгеге жетті. Міне, алға басу деген осы. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына қосылушылардың қатары қалыңдай түсетіні сөзсіз. Асыл тұқымды түлік өсіру мәртебесіне ие шаруашылықтар көбейе түссе, өнімнің сапасы, азық-түлік қауіпсіздігі үшін кепілдің қалануы, дертті малдың азаюуы деген сол. Қазақтың ақбас тұқымын өсіретін 7, көшім жылқысын өсіретін 4, жылқының жабы тұқымын өсіретін бір асыл тұқымды шаруашылықтардың сол орайдағы өнегесі саладағы бүкіл зор мүмкіндіктің, әлеуеттің барын сөзсіз көрсетеді. Асыл тұқымды жылқы саны жөнінде ауданымыз облыста алдыңғы сапта. Таяудағы кезде асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны 10-ға жетеді»,-деді Мұрат Амангелдіұлы сұрақтарға жауап бере отырып.

   Ол су шаруашылығына қатысты да сауалдарға жауап қайтарды. Нысандарды түгілдеп, коммуналдық меншікке алу жұмыстары жалғасуда. Жайық – Көшім суармалау суландыру жүйесіне кіретін 9 арна, 24 көлтабанның 24-і, 168 көбіктің 48-і коммуналдық меншікке алынды. Шаруашылықтар Үкімет тарапынан нысандарды жөндеуге қаражат бөлгенін күтпей, өз қаржыларына 2014 жылы Соқыр арнасының жағаларын жөндеп, қақпалар орнатты, «Аяқ» су қоймасына қатысты да сондай жұмыстар атқарылды. Ақжолдағы «Көкжал», №43 көлтабан, Тайпақтағы №49 көлтабанның бірнеше су жіберетін қақпасы жаңартылды. Сондықтан шабындықтардың көлемі артуда. Сонымен қатар былтыр Жаңажол және Тегісжол елдімекендердегі көбіктер жөнделді. Үштөбедегі және Битілеудегі көбіктерге қатысты да мәселе күн тәртібінде тұр.

    2014 жылы енгізілген қолдаудың жаңа түрі – инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы көптеген ауылшаруашылық техникасы жаңартылды. 2014 жылы 20 шаруа қожалығы «ҚазАгроМаркетинг» арқылы 26 жоба бойынша осы бағдарламаға қатысқан болса, 2015 жылы 33 шаруа қожалығы 66 млн. 900 мың теңге көлемінде инвестициялық субсидияға қол жеткізді. Яғни, алға талпынғанға көмек қашан да болады.

     Баспасөз мәслихатында малдың сырғасына қатысты да сұрақ болды. Былтыр қажетті сырғалар тек жылдың аяғында келді. Мұндағы іркілістерде шынтуайтында, ауданның кінәсі жоқ, мемлекеттік сатып алудағы түрлі себептермен кейде уақыт текке өтіп кетеді.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале