25.02.2016, 19:15
Оқылды: 25

Ардагерлер алдыңғы сапта

Dostik obl akimm

 Бейсенбі күні қаламыздағы Достық үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің VІІ конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Аудандық, қалалық ардагерлер ұйымдарының төрағалары, бастауыш ұйым жетекшілері, мемлекеттік орган басшылары басқосқан конференцияның күнтәртібінде бес мәселе қаралды. Бірінші мәселе, яғни осыдан бес жыл бұрын өткен VІ конферециядан кейінгі атқарылған жұмыстар жөнінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов баяндады.


-Облыс ардагерлері Елбасының «Мәңгілік ел» құру, «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау бағытындағы барлық іс-шараның маңызын түсінеді және олардың орындалуынан өз күш-жігерлерін, тәжірибелерін жұмсайды. Өңірімізде 82 мыңнан астам зейнеткердің 80 пайызы ардагерлер ұйымдарының мүшесі болып табылады. Облысымызда 197 ҰОС ардагері мен мүгедегі, сегіз мыңнан астам тыл еңбеккері, Ленинград қоршауында болғандар, фашист лагерінің тұтқындары, ауған соғысы ардагерлері, Чернобыль, Семей апатына ұшырағандар тұрады. Оларға қамқорлық, жанашырлық таныту, қолдау көрсетуді ұйымдастыру – ардагерлер ұйымдарының міндеті. Соған орай тиісті жұмыстар атқарылды,-деді ол.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары атқарылған жұмыстары мен шешімін таппай келе жатқан мәселелер жөнінде айтса, кейбір облыстық басқарма басшылары ардагерлерді қолдау бағытында атқарылған істер жөнінде баяндады.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңіріміздегі ардагерлер ұйымдарымен өткен бес жыл ішінде көп жұмыс атқарылғанын жеткізді. «Сіздер әлі де саптасыздар. Сіздердің өмірілік және еңбек тәжірибелеріңіз бізге қажет,-деді Нұрлан Асқарұлы.-Көпшілік сіздердің айтқан ескертпе-ұсыныстарыңызды қабыл алады. Жергілікті атқарушы билік органдарымен де қажет жағдайлар жасалуда. Конференция барысында ардагерлер ұйымдарына ғимараттардың қажеттілігі, материалдық базаны нығайту, медициналық тұрғыдан қамту жайы туасында біраз ұсыныс айтылды. Біз өз тарамыздан бұл мәселелерді шешу бағытында жұмыстанатын боламыз».

Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің, тексеру комиссиясының жаңа құрамдары сайланды. Кеңес төрағасы болып Мырзағали Мұхамбетов қайта сайланды.

     www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале