14.10.2016, 16:24
Оқылды: 25

Ардагер ағалармен жүздесу

%d0%b0%d1%80%d0%b4%d0%b0%d0%b3%d0%b5%d1%80-%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%80%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b6%d2%af%d0%b7%d0%b4%d0%b5%d1%81%d1%83  Басқармадағы жас қызметкерлердің бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата – бабасын ұмытпай сақтау үшін және салт – дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу, бойларына патриоттық тәрбиені сіңіру мақсатында кадр жұмысы бөлімі мен ардагерлер кеңесі бірлесе жұмыстанып, біркелкі шараларды атқаруда.


  «Қарттарым-асыл қазынам» демекші, жуықта екі тарап саналы ғұмырын ішкі істер органына арнап, тер төгіп қызмет еткен, балалықтарының базарын ұрлатып, майданға аттанып, оқтың арасынан аман оралған, бұл күнде ақылдың кенін арқалаған айбынды ата атанған, немере-шөберелерінің ықыласына бөленген қарт жауынгерлердің үйіне барды. Әрқайсысына ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырып, дастархан басында хал-қуаттарын сұрасып әңгімелесті. Біздерге жасы сексеннің сеңгіріне шықса да қимылы ширақ, сөзі сергек қария есікті өзі ашып, төрінен орын ұсынды.

  Бұл Михаил Лебенцовтың үйі еді. 1936 жылы дүниеге келген Михайл Георгиевич халықаралық қарттар күні  қарсаңында 80 жасқа толды. М.Лебенцов Орал қалалық ішкі істер бөлімінде қылмыстық іздестіру саласында, қылмыстық атқару жүйесі инспекциясында қызмет етіп, 1991 жылы медициналық айықтырғыштың бастығы қызметінен 1991 жылы милиция майоры шенімен зейнеткерлікке шыққан. Қарияны қос мерекемен құттықтап, ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция подполковнигі  Мұрат Кулов ақшалай сыйлық тапсырды. Одан әрі Исламғали Шамғонов қарияның үйіне ат басын бұрды. 1926 жылы Батыс Қазақстан облысына қарасты Тайпақ ауданының Өлеңті совхозында дүниеге келген Исламғали Шамғонов ағамыз соғыс жылдарында темір жол саласында еңбек етіп ерен еңбегі үшін «Еңбек үздігі», «Үздік теміржолшы» атағына ие болған. 1958 жылы Орал қаласына оралған ол 3 айлық тексеруден өтіп, бекетте тұратын милиционер қызметіне қабылданған. «Ет комбинаты» ауданы, «Желаев» ауылдарына учаскелік инспектор етіп тағайындалған. Қалтқысыз еңбегінің нәтижесіндей Орал облыстық атқару комитеті атынан ІІБ атынан 8 рет алғыс хат, құрмет грамотасы, І, ІІ,ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Милиция үздігі» белгісімен, «Құрмет белгісі» орденімен және «КСРО ІІМ-нің үздік учаскелік инспекторы» атағына ие болған. Биыл тоқсанның төріне шыққан, қатардағы милиционерден еңбек жолымен көтерілген, органда 26 жыл қызмет еткен   Исламғали қарияны  құттықтай  барған қауым ақшалай сыйлық тапсырды.

  Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттардың орны ерекше. Балаларына  сөзі берекелі, ісі тыңғылықты ойы терең ақылы телегей теңіз қарттардың бірі-Аймичев Ислям аға. 1940 жылы дүниеге келген И.Аймичев Орал қалалық ішкі істер бөлімінде кезекші инспектор, кәмелетке толмағандар жөніндегі аға инспектор қызметтерін мінсіз атқарып, милиция майоры шенімен зейнеткерлікке шыққан жан. Көпке үлгі, жас қызметкерлерге айтар тәжірибеге бай ағаны Мұрат Бисенғалиұлы мен Орал қ.ІІБ кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы полиция капитаны Бауыржан Орахаев қариялар күнімен құттықтап, естелікке сыйлықтар және ақшалай сыйақы тапсырды.
«Қарт кісіні құт – береке деп танысақ ол ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата – ана әр кезде де бақытты»,-деген ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция подполковнигі Мұрат Кулов бұндай жылы жүзді кездесулердің қараша айында жалғасын табатынын айтты.

Гүламан Исмагулова

Орал қаласы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале