4.03.2016, 11:25
Оқылды: 36

Ақжайық ауданында баспасөз мәслихаты дәстүрге айналады

????????????????????????????????????

   Ақжайық ауданында бұдан былай әр аптаның бейсенбісінде бөлім, мекеме, ұйымдар жетекшілерімен баспасөз мәслихатын өткізу дәстүрге айналатын болады. Аудан әкімі Әділ Жоламановтың бастамасымен қолға алынған бұл іс Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан, атап айтқанда, оның ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты 94-қадамынан туындады.


Аталған шарадағы алғашқы тақырып аудандағы діни ахуалға арналды. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен қатар аудан орталығындағы қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымдарының өкілдері, тұрғындар шақырылған мәслихатта аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тілек Ғабдушев сөз алды.

Тоғыз жол торабындағы ауданда діни ахуалдың тұрақтылығы, ажарлылығы үшін ауқымды қам-қарекеттер тындырылып келеді. Ұтымды істер жөнінде тәжірибені байыта түсу мықты назарда ұсталуда. «Таным» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек орталығы қоғамдық бірлестігінің өмірімізге танылған ықпалды жұмысы өрістеп отыр. Облысымыздағы белгілі теологтарды шақыра отырып, тұрғындармен өткізіліп жүрген дидарласулардың, кеңестердің маңызы ерекше.

Дейтұрғанмен, әрине, ешқашан жайбарақаттануға болмайды. Т.А.Ғабдушевтың айтуынша, дәстүрлі емес діни ағымға бой ұрған 33 отбасы мүшелері (7 ауылда) бар. Теріс түсінік салдарынан нәрестелерін дәрігерлерге еккізбеу немесе имамға бағына бермеу секілді жайттар ұшырасады. Әлбетте, ұғындыру жұмыстары бәсеңдемейді.

Тілек Ғабдушев, сондай-ақ аудан имамы Ерлан Айтенов, «Таным» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрман Бисеғалиев сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда, ауданда ресми имамдарды айтпағанда, молдалық қызметпен 40-қа жуық адам айналысады. Олардың көбі еңкейген жаста, сондықтан молдалар арасынан облыс орталығындағы білім жетілдіруден 6 адам ғана өтті. Оралдағы медреседе қазір ауданнан 6 өрен оқып жатыр, бір үміт – келешегін асыл дінімізбен байланыстырған осындай жастарда болып табылады.

Ауылдардағы имамдар ісі пәрменді ме? Осындай сауалға жауап қайтара отырып, Е.Б.Айтенов мынандай шындықты айтты: жұртымызға жас дін өкілдерін елей қоймау, олардың ұсынысын, пікірін атүсті тыңдау кездесіп қалады. Айталық, имамды сүндет тойына шақырды дейік. Өкінішке қарай, мұндайда дастарқанға ішімдік қойылады. Ал имам мұндай жерге отырмайды ғой. Содан келіп сол той иелері оның атына өкпе-реніш айтып жатады. Немесе бақилық болған кісінің атаулы күндеріне имамдарды әбден тақап қалғанда шақырады, сондықтан алдын-ала кесіп-пішіліп қойған басқа шаруадан олардың қолы тимейді. Осындайда да дін өкілдері атына орынсыз реніш естіліп жатады.

- «Қазаққа имам керек түс көргенде немесе басына іс түскенде» деген емес пе. Ендеше, бізге нағыз түсіністік, бір-бірімізді қолдау, бір-бірімізге көмек аса қажет,- деді Е.Айтенов.

Қ.Бисеғалиев «Танымның» тыныс-тірлігіне қатысты көп мысалдар келтірді. Бұл бірлестік құрылғаннан бергі 2 жылдан астам уақытта діни сауаттылыққа алуан тақырыпқа сандаған жүздесулер, «сұрақ-жауап» сағаттары ұйымдастырылды. Теріс ағымның жетегінде кетіп, түрлі жағдайға тап болып, өмірі өксігендердің туысқандарымен кездесулерден де әлеумет ордалы ой түйгені сөзсіз. «Осындай тиімді істерді тереңдетуге одан әрі жұмылсақ, нұр үстіне нұр» деді ол.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале