29.10.2015, 11:00
Оқылды: 23

Ақжайық ауданы – Теректі төрінде  

 

теректаАқжайық ауданының делегациясы, яғни еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар және қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері Теректі ауданының орталығында болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған сапар аясында келген меймандарды Теректі аудандық мәслихаты хатшысы Ә.Нұрғалиев, ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Жақсыбеков, келісім кеңесінің төрағасы М.Төлегенов, 6 этномәдени орталықты біріктіріп отырған жергілікті іргелі ұжым мүшелері Достық үйінде ілтипатпен қарсылады.

Балалар шығармашылық үйінің мерекелі жылға арнап дайындаған көрмесін қалың жұрт қызыға тамашалады. Осыдан соң «дөңгелек үстелде» бас қосқан екі аудан өкілдері елімізде тәуелсіздік жылдары қол жеткен жеңістер мен ірі оқиғаларды тілге тиек етті.

Қонақтар тарапынан сөз алған Ақжайық аудандық мәслихаты хатшысы Д.Жақсыбаев, «Радуга» славян мәдени орталығының төрайымы В.Боричевская, қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі И.Еремин, ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Ғабдушев Елбасы тапсырған міндеттерді мүлтіксіз атқару жолындағы жұмыстарын саралады.

Ақжайықтықтарды Теректі ауданының әкімі Жеңіс Серікқалиев қабылдады. Ол ел өмірін өркендетуде ҚХА-ның зор рөлі, өңірлерге қамқорлығы жайында әңгімеледі. Бұдан кейінгі мәжілісте екі аудан өкілдері ұлтаралық, конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған өз тәжірибелерін ортаға салды.

Теректі аудандық қоғамдық келісім төрағасы М.Төлегенов, «Алтын бесік» этномәдени орталық жетекшісі Л.Қаражігітова, «Единение» этномәдени орталығының жетекшісі Н.Рунова аудан халық бірлігін, достығын нығайту, жастар тәрбиесіне серпін беру жөнінде ұсыныстарын баяндады.

Осындай есте қалар жүздесулер жергілікті «Теректиночка» халықтық ансамблі мен ақжайықтық «Радуга» славян мәдени орталығының, басқа да өнерпаздардың концертіне ұласты.

Содан соң меймандар Федоров ауылын аралап, саз мектебінің, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің тынысымен танысты.

www.zhaikpress.kz

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале