6.11.2015, 18:46
Оқылды: 33

«Батыс Марка Ламб»: марқа еті экспортқа жол тартпақ

Akajyik koi soiu    Ақжайық ауданы Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуында елеулі орны бар аймақтардың бірі десек, еш қателеспейтініміз анық. Өйткен  бұл жерден, ең алдымен, Орал-Атырау күре жолы өтеді. Одан кейін облыстағы қой малының 60 пайызы шоғырланған  Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарымен жағырапиялық жағынан жақындығы бар. Осы факторлардың барлығы  аудан аумағында «Батыс Марка Ламб» ЖШС-ы тарапынан марқа етін терең өңдейтін ірі кешенді іске қосуға жол ашты.

Бір топ жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері аталмыш кешенде болып, оның жұмысымен танысып, тікелей кәсіпорын басшысынан, сондай-ақ  инновациялық жобаға инвестиция құйған «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның жетекшілерінен көкейлерінде  жүрген сауалдарына жауап алды. 5 гектар аумақты алып жатқан өндірістік кешеннің ішкі технологиялық желісі заман талабына сай, толығымен автоматтандырылған. Негізінен итальяндық «Rovani SrL» компаниясының мал сою және ет өңдеу желісіне басымдық бергенімен, кәсіпорын шетелдің өзге де озық фирмаларының құрал-жабдықтарына қырын қарамайды. Бұрынғы көзіміз көрген қасапханалардағы иіс-қоңыс, малдың нәжісі, қан-жын атаулы мұнда мүлде жоқ, кешеннің іші мұнтаздай таза.

Кәсіпорын басшысы Бақытжан Кескінбаевтың айтуынша, күні бүгін әлемде етке қойылатын талап күшті. «Бұрын мұздатылған, яғни әбден қатырылған етті ала беретін. Қазір мұздатылғаннан гөрі, тоңазытылған етке сұраныс үлкен.

Әрине, кәсіпорын жұмысы бір ғана елмен немесе қаламен шектеліп қалмасы белгілі. Ресей жағы жолды жапқан уақытта Өзбекстан нарығы Ақ Жайықтың марқасына қызығушылық танытты. Сөйтіп, айына 100-150 тонна етті экспорттауға келісімшарт жасалды. Оның сыртында Алматы, Тараз, Атырау қалаларына ет жөнелтуге уағдаластық бар. «Ішкі нарықтан гөрі басымдық неге экспортқа беріледі?» деп сұрадық біз кәсіпорын директорынан. «Жұмысты бастағалы бері 5 тоннадай етті ішкі нарыққа шығарып көрдік. Біздің еттің өзіндік құны келісіне 920 теңге. Ал ауыл-аймақтан Орал базарына әкелінетін қой етінің бағасы 600-700 теңге. Сондықтан ол бізге тиімсіз. Себебі, мұндай кешенді ұстап тұрудың өзі оңай емес. Жарыққа, суға, газға төлем төлеу керек. Оған қоса 80 адамға жалақы төлеу, бюджетке салық төлеу және тағы да басқа шығындарды қоссаңыз жағдай түсінікті болады», - деді ол.

Ет өңдеу кешеніне заманауи құрал-жабдық алуға «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы тарапынан шамамен 1,5 млрд. теңгедей қаржы бөлінді. Қалғанын жеке инвестордың өзі шығарды. Жобаның жалпы құны 2,8 млрд. теңге. Комбинат өз өнімінің түгелге жуығын экспортқа шығаруды көздейді. Оған мүмкіндік мол. Бізде үлкен мал жайылымдары болғандықтан, малдың да өзіндік құны арзан.

       www.zhaikpress.kz

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ

«Орал өңірі»   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале