25.04.2024, 16:30
Оқылды: 9

Еңбек адамы - ел мақтанышы ...

Тәй-тәй басқан кәсіпті тал бесіктен меңгеріп, әке аманатын арқалаған қараобалық Қуаныш қайнаған тірліктің ортасында жүрген нағыз еңбек адамы. Жас та болса бас болып, өрісін малға, шаңырағын жанға толтырған алғыр азамат. Қалалық жары Әдемісімен қаймағы бұзылмаған Қараобада бірге ғұмыр кешіп, кәсіп көкжиегін кеңейтіп келе жатқандарына міне 7 жылдай уақыт өтті...

IMG-20240425-WA0011

Өткенге сәл шегініс жасасақ, Қуаныш Мерекеұлы ан-а-а-у Астана қаласындағы Қазақ Гуманитарлық Заң университетінде заңгер және туризм және менеджмент мамандығын тәмамдаса, ал жары Әдемі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік Университетінде заңгер және бастауыш мамандығын оқып, тәмамдайды.

Тағдыр тоғыстырған қос ғашық 6 жыл қыз-жігіт болып кездеседі. Ауылдың қарадомалақ баласы Қуаныш, аруы Әдемісімен 2017 жылы отбасын құрады. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған қос қызыл дипломдарын қалтаға салып, жас жұбайлар ауылға аттанады. Қаншама жылғы маңдай тер, асқақ армандар мен мақсаттардың  шешімі осы болды. Олар үшін бұл шешім қиын болса да, алда сенім мен жауапкершіліктің жүгін арқалау міндеті тұрды. Ол - әке мен ана алдындағы сенім мен үміт. Жас отбасының басты миссиясы осы-тұғын!

Уақыт өте келе міндет те, мақсат та орындалды. Жас отбасы да еңбекпен бірге есейді. Табандай 7 жыл. Қуаныш марқұм әкесінің ел үшін еткен еңбегін жастайынан көріп өсті. Ананың ақылын тыңдап, әкенің тәрбиесі мен игілікті ісін көрген перзент те әкенің ізгі жолын жалғастырып келеді.

WhatsApp Image 2024-04-25 at 16.57.11

Ал тағдыр қосқан жары Әдемі ауылдың қым-қуат тірлігіне еті үйреніп, үйдің шаруасын дөңгелетіп отырған инабатты келін. Лизадай алғыр ананың мектебінен өткен қалалық қыз қазір бүтіндей бір ауылдың үлгілі келіні болып отыр. Әп-бәрекелді! Қос ененің ғана емес, ауыл үлкендерінің ақ батасын алған Әдемінің ауылдағы әлемі де өзінше әдемі. Таң атқаннан сүтін тартып, құртын жасап, қызу тірлікке бел сыбана кіріседі. Тазалық пен тәртіпті бойына сіңірген жас келіннің тамақ дайындауға деген талғамы да ерекше. Аса махаббатпен дайындаған әр  тағамы отбасы мен келген қонақтарының көңілінен шығып, алғысқа бөленіп келеді.

WhatsApp Image 2024-04-25 at 16.57.15

Ауылдағы тірлікке бар  болмысымен бейімделген Қуаныштың Әдемісі қазір қараобалық бесаспап келін  атанып отыр.

Әкеден балаға мұра болған бірнеше кәсіпті бір арнаға тоғыстырып, қанатын кеңге жайып, Әке мен Ана үмітін арқалаған Қуаныш пен Әдемінің тірлігіне ел сүйсінеді.

Ұрпақтар сабақтастығы осы болса керек-ті...

Жалғасы бар.../Толық нұсқасы газет бетінде жарық көреді/

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале