25.04.2024, 11:52
Оқылды: 62

Техникаға салынатын салық. «Халықтың қалтасын қағу емес пе?..»

Алтай Батырұлы Батыров – бүгінде облысқа есімі жақсы таныс адвокаттардың бірі. Ол – ҚазМУ-дың заң факультетінің 1981 жылғы түлегі. Құқық қорғау саласында  талай жыл тер төгіп, доғарысқа шыққан азамат. Жуырда ол редакциямызға арнайы келіп, техникаға салынатын салық туралы былайша әңгімеледі.

01b3b1ae-2dc9-4fd5-80cd-47218be46a85

- Менің айтайын дегенім, жеңіл көлік болсын, трактор, комбайн болсын, техника түрлеріне салынатын салық түрлері жайлы. Оларға (салық түрлеріне) қарап отырып, заң талаптары Қазақстан халқының шет елдерден автокөлік әкелу құқынан айыруға бағытталған ба деп ойлайтынымды жасырмаймын. Мен бұл арада автокөлікке байланысты өз ойымды айтайын.

Егер сіз автокөлік алатын болсаңыз, шетімен шеті жоқ шаруаға тап боласыз. Ол үшін бірнеше сатыдан өту қажет. Алдымен көлігіңізді алғашқы тіркеуден өткізесіз. Ең әуелі 12 пайыз қосымша құн салығын төлейсіз. Сосын кедендік төлемге (таможный сбор) ақшаңызды шытырлатып санап бересіз. Акциз (сатылатын бензинге акциз салынады) деген пәле тағы қалтаңызды қағады. Қалдықтарды өңдеу жұмысы (утилсбор), нөмір алу-тіркеу – бұларға да қырғын ақша төлейсіз. Ақша төлемесең, сертификатсыз қарға адым жер жүре алмайсыз. Әрі қарай газбен жүремін десеңіз, тағы ақша. Бұның бәрін қосып келіп, мысалы көлігіңіздің көлемі (объем) 3,5 болса,  6 000 000 теңге ақша төлеуіңіз қажет. Сонда тағы бір көліктің ақшасына жуық соманы төлеуге тура келеді.Бұл дегеніңіз халықты тапатал түсте көзін бақырайтып тұрып қанау емес пе? Күн санап аспанға шырқаған қымбатшылық. Халықтың әлжуаз топтары басқасын айтпағанда, күнделікті наны мен шәйін айыратын ақшаға зар. Біреулер «олар бәрібір, көлік алмайды ғой» дер. Сонда оларды санаттан шығарып тастаймыз ба? Бәлки, олар «мен де бір төрт доңғалаққа ие болып, бала-шағамды қыдыртып жүрсем...» деп армандайтын шығар... Осылардың бәрін жиып-теріп келгенде, үкімет халықты «Мәңгүрт, айтсаң, көнеді, айдасаң, жүреді» деп ойлай ма?.. Сол қараша халықтың арқасында, олардың төлеген салығы барлық қажетті жауып  отырған жоқ па?..

Мысалы, ҚР Салық кодексінің 4-бабы, 1-тармақшасында айдан анық көрсетіліп тұр. «Салық салудың әділдігі» – бұл принциптің сақталуын кім қадағалайды?  Сонымен қатар осы кодекстің  7-бабының, 3-тармақшасында: «Ешкімге де сол бір кезең үшін, сол бір салық салу  обьектісі бойынша салықтың сол бір түрімен, бюджетке төленетін төлемнің сол бір түрімен қайтадан салық салуға болмайды» деп тайға таңба басылғандай жазылып  тұр ғой.  Халық бір көлік алу үшін 7-8 түрлі салық төлеуі қажет, онымен біз кімді байытып жатырмыз? Сонымен қатар сіздің көлігіңіз әбден ескірген болса, күнделікті өмірде оған сіз 1 200 000 теңге айыппұл төлену қаралып жатыр. Дөрекілеу айтқанда «Бұға берсең, сұға береді», «Жыласаң, тағы сабаймынның» кері шығып тұр ғой... Бұл дегеніңіз енді қара халықты барып тұрған басыну емей немене?

Нақтылай айтайын, көлік алғаннан кейін жоғарыда айтқан салықтарды төлейсіз. Матор көлемі  3,5-5 болса, төлейтін салықтарыңыз  шамамен 3 000 000 миллионнан 6 000 000 миллион теңгеге дейін шырқайды. Осы жерде мұнай өндіретін кәсіпкерлердің төлеген акцизы қайда қалады? Жанармай арзандап жатқан жоқ, жыл санап өсіп келеді. Қазақстанда бензин құны – 1990 жылдары А-92 бензинінің бір литрі  25-37 теңге болса, қазір  ол 195 теңге, солярка әр литрі қазір 450 теңге.

Мұнайдың үстінде отырмыз, пәлен мың тонна жыл сайын өндіреміз деп кеуде кергенде адамға дес бермейміз. Оның қызығын, ең алдымен, халық көруі керек қой. Мұнайлы, газды елде үкімет халықты түрлі салықпен қанап, тақыршаққа отырғызуды мақсат тұтқан ба деп еріксіз ойланады екенсің.

Осынау бет алысымызға қарап, үкімет бара-бара Грузия, Армения, Қырғызстаннан бәрін қойып, ат пен есек сатып алып келсек те оларға алғашқы төлем (первичка), утилсбор, акциз, қосымша құн салығы, таможный сбор төлетіп масқара болмайық! Өйткені олар да «транспорт-көлік» құралдары түріне жатады ғой. Мен мұны жайдан-жай айтып отырған жоқпын, жеңіл көліктің қуаты  ат күшімен есептеледі. Әркім өзінің көлігін мақтағанда «мұнда бәлен аттың күші бар» деп кеудесін дүңк-дүңк ұрады ғой. Ал енді ат пен есекке де салық салатын болсақ, ең болмаса олардың экологияға зиян келтірілмейтінін ескеріп, салығын да жеңілдетейік...

Енді осы бағытта прокуратураға да халықтың өкпесін айтпай кетпеске болмайды. Өйткені ҚР Прокуратура туралы заңының 1-бабында «Прокуратура мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда ҚР аумағын-да заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады» деп көрсетілген. Осы жерде заңды сұрақ туындайды. Халық арқа сүйейтін прокуратура қайда қарап отыр? Турасын айтқанда, үкімет құлақ аспай-ды, прокуратура қадағаламайды, депутаттардың сауалына нақты жауап алынбайды, тиісті министрліктер құлақтарына да қыстырмайды, сонда не болады? Шырылдаған халық тағы көшеге шығуы керек пе? Мен бұл жерде депутаттар деп босқа айтып отырған жоқпын. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы бұл мәселені талай рет көтерді. Бірақ оған жауап жоқ. Жалпылай мысал келтірсек, Қазақстанда  5 млн 085 мың 427 көлік тіркелген. Олардан жылына  орташа есеппен алғанда 1 525 628 100 теңге салық төленеді екен. Қарапайым халық осыншама ақша қайда кетіп жатыр деп сұрап жүргені ақиқат. Жолымыз болса анау, қарайған мұнай мен газдың үстінде отырған Ақсай қаласына, шекарада жатқан Орда өңіріне жету ақыреттің азабын тартқанмен бірдей. Қорыта айтқанда, утилсбор мен первичканы халықтың қалта-сы көтеретіндей мөлшерге түсіру керек. Қымбатшылық қысқан заманда бұл бұқараға үлкен көмек болар еді деймін. Бұл жерде біз тек жеңіл көлікке қатысты салықты ғана арзандату керек деп отырған жоқпыз. Оның ауыл шаруашылық техникаларына да тікелей қатысы бар ғой. Мысалы, шаруа «Джон Дир» комбайнын шамамен 30 000 000 млн теңгеге сатып алады екен. Оған салық түрлерін қосыңыз. Сонда ауыл шаруашылық өнімі қымбаттамай қайда барады? Бұл айналып келгенде баяғы халықтың қалтасын қағу емес пе?...

Жазып алған Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале