24.04.2026, 17:30
Оқылды: 7

Мазар тұрғызу мен садақа: шариғат не дейді?

Жаңақала ауданында «Исламмен үндескен дәстүр: Жерлеу рәсімдері және қабір тұрғызу» тақырыбында арнайы жиын өтті.
image-24-04-26-03-04-24
Мақсаты – дін мен дәстүрдің үйлесімділігін сақтай отырып, бірізділік қалыптастыру, халыққа дұрыс бағыт-бағдар беру.
Халқымыз қай кезде де дүниеден өткен жанға құрмет көрсетуді, оны ақтық сапарға шығарып салуды үлкен жауапкершілік деп білген. Дегенмен, қазіргі таңда осы бағытта түрлі көзқарастар мен кейбір келіспеушіліктердің туындап жатқаны жасырын емес.
Осы орайда ұйымдастырылған басқосуға Жамбыл облысы, «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің наиб имамы, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Нұралы Бақытұлы, аудандық мешіттің бас имамы Алтынбек Болатов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аман Серікқалиев, аудандық, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен ауыл молдалары қатысты.
Алдымен Нұралы Бақытұлы қозғалған тақырып төңірегінде ой қозғап, бұрын өлім шыққан үйде үш күн қазан төңкеріліп, ас берілмесе, қазір керісінше садақаның той-томалаққа айналғанына қынжылысын білдірді. Сондай-ақ мазарды мал тапамас үшін және марқұмның ұрпақтары дұға қылу үшін тұрғызылатынын айтып, бүгінде қомақты қаражат жұмсап, күмбездеп орнату сән боп бара жатқанын мысал етті. Наиб имам шариғат қағидаларына сүйене отырып, жиналған қауымға көптеген тағылымды уағыздар айтты. Ол өз сөзінде адамгершілік, сабыр, адалдық, имандылық секілді құндылықтарды ерекше атап өтті.  Және әрбір мұсылманның іс-әрекеті мен ниеті таза болуы керектігін түсіндірді. Кезек қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға берілді. Ауыл ақсақалы Шаһидолла Әбуғалиев бір кездері ауданымыздың бас имамы болған Мұратбек Жақатовтың жұмысына көңілі толғанын білдіріп, өлілер мен тірілерді байланыстыратын құлпытастардың құдіреттілігін ұқтырған қажыға ризашылығын білдірді. Сонымен бірге тірісінде қадіріне жетпеген әке-шешенің о дүниелік болған соң мейрамханаға ас беріп, кесене тұрғызуын жөнсіз деп санады.
image-24-04-26-03-04-145
Және марқұмның құлпытасына белгі қоюшылардың аты-жөндері толық жазылса деген ұсынысын жеткізді. Ал Пятимар мен Көпжасар ауылының ақсақалдары ауылдық мешіттің құжаттарын ретке келтіріп, бас имам тағайындауды сұрады. Жаңақазан ауылынан келген Шүкір молда: “Жаназа уақытында сөйлеушілердің саны шектеліп, қысқа-нұсқа сөз айтылса - әрі марқұмға құрмет, әрі жамағатқа жеңіл болар еді”, - деп, діннің атын жамылып, бетін тұмшалап жүргендерге тыйым салу керектігін айтып, діни рәсімдерді жүргізушілерді марапатқа ұсынуға бола ма деген сұрағын жолдады.
Басқосуда сонымен қатар марқұмды жерге орналастыру тәртібі, қаралы үйдің ас мәзірі, жасөспірімдердің Ораза тұтуы, мешітке берілген садақаның есебі секілді маңызды мәселелер де кеңінен қозғалды. Нұралы Бақытұлы қойылған сұрақтарға шариғат тұрғысынан жауап берді. Кездесу соңында бас имам лауазымына жуырда тағайындалған  Алтынбек Мағауияұлы діни рәсімдерді жүйелеп, көтерілген мәселелер бойынша жұмыстанатынын жеткізді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы 
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале