Жастар мәдениет сарайында ақын Абдул Рахметовтің «Белес» атты шығармашылық кеші өтті. Поэзия мен әуен тоғысқан тағылымды рухани кеш автор шығармашылығындағы жаңа кезеңді, рухани өсу мен ішкі толысуды айқындаған мәдени кеш болды.

Жиынның идеялық өзегі – «АР» ұғымынан бастау алып, адамдық болмыс пен шығармашылық жауапкершіліктің биігіне ұласатын «Белес» философиясы. Кеш құрылымы төрт бөлімнен тұрды. «Жол», «Тыныс», «Белес», «Үміт». Әр бөлім ақын шығармашылығының әр қырын ашуға бағытталды. Кештің алғашқы бөлімі ақынның шығармашылық жолының бастауын, ізденіс пен ішкі күресін бейнеледі. Сахнада поэзия, домбыра үні және театрландырылған көріністер үйлесім тауып, көрерменге ақын болмысының қалыптасу кезеңі әсерлі түрде жеткізілді.
Екінші «Тыныс» бөлімінде балалық шақ, ата-анаға деген сағыныш, туған үй мен ауыл бейнесі көрініс тапты. Жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнероликтер арқылы көріністер тереңдетіліп, поэзия мен музыка астасқан эмоционалды атмосфера қалыптасты. Бұл бөлімде ананың мейірімі, әкенің орны және отбасы құндылықтары басты тақырып ретінде ашылды. Балалар хоры мен кәсіби орындаушылардың қатысуы кеш шырайын аша түсті.
Шығармашылық кештің «Белес» бөлімі ауыл тақырыбына арналып, жастар мен ақын арасындағы диалог арқылы туған жерге деген сағыныш, ауылдың рухани құндылығы насихатталды. Бұл бөлімде ақынның гитарамен орындаған әні және жастардың би композициялары кештің шарықтау шегіне айналды.
Кештің соңғы бөлімінде өмірдің мәні, рухани сабақтастық және болашаққа деген сенім тақырыбы қозғалды. «Белес» ұғымы адамның өз өмір жолына көз жүгіртіп, өткенін бағалайтын рухани сәт ретінде сипатталды.

Әдеби, рухани кештің финалында ақынның «Белес» кітабының тұсаукесері өтті. Жыр жинағының лентасын қию үшін «Құрмет» ордені мен халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин және Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі, ақын Асантемір Қаршығаұлы сахна төріне көтеріліп, ауторға шығармашылық табыс тіледі.
Кеш барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, мәдениет саласының өкілдері, жазушылар мен өнер қайраткерлері сөз сөйлеп, ақын шығармашылығына жоғары баға берді.
Гүлжан Ғалым,
Орал қаласы