12.05.2016, 10:13
Оқылды: 53

Бірлігі бекем ауыл

 Merei   Тасқала ауданындағы Мерей ауылы тұрғындарының тыныс-тіршілігі көпті риза қылғандай. Көшелері таза, жинақы. Ауылда түрлі ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.


    Ауылдық округ тұрғындарының саны 1700-ден асады. Төрт түліктен 3569 бас мүйізді ірі қара, 9783 бас қой, 630 бас ешкі, 1064 бас жылқы тіркелсе, одан басқа 5423 құс өсірілуде. Мал шаруашылығымен 71 қожалық айналысса, соның ішінде он бірі былтыр селекциялық жұмыстар жүргізуге 23 млн. 53 мың 543 теңге алған. Өткен жылы 12 шаруа қожалығы 8435 га жерге егістік егіп, 2 млн. 517 мың теңге субсидиямен қамтылған. Биыл 7 шаруа қожалығы 10 мың га жерге бидай, арпа, еркек шөп және судан шөбін екпек. «Егін шаруашылығымен айналысатындар соңғы бес жылда қуаңшылыққа байланысты өнім ала алмады» деді ауыл әкімі Қазыбек Тәшімов. Ауылда бір селолық тұтыну кооперативі бар. Сегіз жеке кәсіпкерлік тіркелген. Олардың бірқатары саудамен, кейбірі жолаушы тасымалымен шұғылдануда. Мәселен, жаңа жыл қарсаңында Люця Исмағұлова «Ақ дәм» кафесін ашқан. Ал мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл тұрғыны Нәсіпқали Ахметов үш миллион теңге қаражат алып, мал шаруашылығына жұмсаса, Азат Мұқанғалиев бір миллион теңгеге пластикалық терезе шығаратын цех ашқан. Биыл «Өрлеу» бағдарламасы аясында бес отбасы балалар жәрдемақысын алып отыр. Он екі тұрғын ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.

   Округте бес елді мекен бар. Соның үшеуіне көгілдір отын тартылған. Айнабұлақ ауылында негізгі, Өркен мен Тоғайлыда бастауыш мектептер жұмыс жасайды. Ал Мерей жалпы білім беретін мектебінде 120 бала оқиды. Педагогикалық ұжымда 34 мұғалім қызмет етеді. Сонымен қатар Тасқала аудандық балалар саз мектебі мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің филиалдары талапты өрендерді қанаттандыруда. Ауылда 2011 жылы мешіт ашылған. Мешіт имамы Мырзабай Тілеуов Алматы қаласында медресе бітірген. Имам мектептегі тәрбиелік іс-шараларға белсене араласады.

   Қазір ауылдық окургте таза ауыз су тарту мен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу мәселелері өзекті күйінде. Дегенмен іске ұңғыт, шаруаға бекем жан көп екені ауыл тірлігінен байқалады. Кәсіпкерлерден ауылды көркейтуге жанашыр азаматтар көптеп табылуда. Мәселен, Бауыржан Сақыпкереев зиратты қоршауға 160 мың теңге берген. Орал қаласында тұратын Амангелді Ахменкеев туған жеріне балалар ойын алаңы мен футбол стадионын салу үшін 1 миллион 500 мың теңге қаражат тартып отыр.

     Осындай игілікті істер өрбіген ауыл еңсесі биік болары анық.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале