6.05.2016, 19:23
Оқылды: 33

БҚО ІІД басшылығы ардагерлердің үйіне барып құттықтады

 UVD aksakaldardi    Ұлы Жеңістің 71-жылдығы қарсаңында  Батыс Қазақстан облысы ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Берік Мұқамбетқалиұлы Утеулин және ішкі істер органдары  және ішкі әскерлер ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Келдібайұлы Адаев Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесіп, құттықтап қайтты.


      Ұлы Жеңістің 71-жылдығы қарсаңында  Батыс Қазақстан облысы ІІД  бастығының орынбасары полиция полковнигі Берік Мұқамбетқалиұлы Утеулин және ішкі істер органдары  және ішкі әскерлер ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Келдібайұлы Адаев және ІІД Кадр жұмысы басқармасының қызметкерлері БАҚ өкілдерімен бірге  Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының төрт ардагерінің үйіне барып, гүл шоқтарын тарту етіп, ҰОС ардагерлері туралы кітап және кішігірім ақшалай сыйлық ұсынды.

       Алғашқы болып қонақтарды Әбдірахманов Минжан Ғабдолұлы қарсы алды. Отставкадағы милиция аға лейтенанты. 1926 жылы 18 қарашада БҚО Жымпиты ауданының Құдығара ауылында дүниеге келген. Соғыс кезінде 1943 жылдан бастап Забайкал фронтында 49 запастағы артиллериялық полкінде, 12 мергендік мектепте, 13 оқу автомобиль полкінде курсант болған. 1945-1950 жылдары 52 гвардиялық миномет полкінде, 452 зенит артиллериялық бригадада шофер болған. 1950 жылдан бастап БҚО Жымпиты аудандық милиция мектебінде милиционер, БҚО Жымпиты, Теректі, Приурал аудандық кеңестерінде жедел уәкіл, учаскелік жедел уәкіл болып қызмет еткен. 1965 жылы Орал облысы еңбекші депутаттарының Приурал аудандық  кеңесі милиция бөлімінің учаскелік жедел уәкілі лауазымынан құрметті демалысқа шыққан. Көптеген медальдармен наградталған.

     Келесі Серекешов Сағызбай атамыздың үйіне ат бұрдық.  Сағызбай Есенғалиұлы 1925 жылы Гурьев облысы, Мақат ауданы, Сасық-Өзек ауылында дүниеге келген. 1941-42 жылдары Тайпақ ауданындағы Калмыков орта мектебін бітіріп, Кеңес армиясының қатарына отандық борышын орындауға шақыртылады. Серекешов Сағызбай Есенғалиұлы 1942 жылдың қыркүйек айында Ленинградтық әскери байланыс училищесіне оқуға жолданады.  Бір жылдан кейін Украина жерінде Постов, Белый Церковь және көптеген қала-ауылдарына неміс армиясын босатуға қатысады. Шайқастың бірінде ауыр жарақат алады. Еліне оралған соң Сағызбай Есенғалиұлы ішкі істер органдарына қызметке орналасады, 1978 жылы милиция подполковнигі атағымен құрметті еңбек демалысына шығады. «Сіңірген еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы ҰОС-да Германияны жеңгені үшін», «Айбынды еңбегі үшін» медальдарымен марапатталады.

      - Елге оралғаннан кейін көп кешікпей Тайпақ аудандық комсомолдар партиясының хатшысы шақырып, осы аудандағы милиция бөліміндегі паспорт столының бастығы болып жұмыс жасауыма ниет білдірді. Бірақ, мен сол кезде әлі райымнан қайтпап едім, қалайда сұрапыл соғыстың кеудесін кері итеруге майдандастарыма барып көмектескім келген еді,- дейді атамыз.

     Ұлы Отан соғысына қатысушы, ішкі істер органдарының ардагері, отставкідегі милиция полковнигі Сәрсенғалиев Қаби Сәрсенғалиұлы қонақтарды салтанатты киімінде қарсы алды. Кителдің төсінде ІІІ дәрежелі «Слава», «Ұлы Отан соғысы» ІІ дәрежелі ордендері мен «Жауынгерлік қызметі үшін», «Кенингсберг алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы ҰОС-да Германияны жеңгені үшін», «Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы үздік қызметі үшін» деген медальдары бар. 1942 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, 1943 жылдың қазан айынан бастап Жеңістің  туы желбірегенге дейін 5-ші Гвардиялық Танк Армиясы құрамында генерал-полковник П.А.Дотмистрованың қарауында болады. Қаби Сәрсенғалиұлы ішкі істер органдарына 35 жыл арнаған, оның 20-сы басшылық қызметте.

     Қуаншалиев Ғабделқайыр Зейінұлы 1925 жылдың 15 желтоқсанда БҚО, Қаратөбе ауданы, Қанкөл ауылында дүниеге келді. Орынбор облысы, Тоцк қаласында алты айлық әскери даярлықтан кейін Брянск 1-Украин майданына жолданады.  Жаумен алғашқы бетпе-бет ұрысқа 1943 жылы қыркүйекте Житомир дивизиясының Б.Хмельницкий орденді 116-ауыр зеңбірекшілер бригадасы құрамында қатысқан. Әскери мамандығы байланысшы-радист. Соғыс майдандарымен Ресей, Украина, Батыс Украина, Чехославакия жерлерін азат етуге қатысып 1945 жылы 8 мамыр күні соғысты 1-Украина фронтымен немістердің ең мықты тірек пункіті Дрезден қаласын алып Ұлы Отан соғысын аяқтады. «Қызыл Жұлдыз» ордені, бірнеше медальдармен марапатталды. Өзбекстанның Фергана, Түркменстанның Карки қалаларында әскери қызметін өтеп, елге 1950 жылдың наурызында оралды. 1951-1953 жылдары Қаратөбе ІІБ-де хатшы болып жасады. 1965 жылдың қаңтарында Тайпақ ауданының ІІБ-нің бастығы болып тағайындалып, осы бөлімді 14 жыл басқарып, 1979 жылы құрметті демалысқа шықты. Үздік қызметі үшін мемлекеттік наградалармен марапаталды.

www.zhaikpress.kz

БҚО ІІД баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале