14.10.2016, 22:54
Оқылды: 316

БҚО әкімі А.С.Көлгіновтің ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салтанатты жиынындағы баяндамасы

%d0%b0%d0%ba%d0%b8%d0%bc  Батыс Қазақстан облысының әкімі

А.С.Көлгіновтің ауыл шаруашылығы

қызметкерлерінің салтанатты жиынындағы

БАЯНДАМАСЫ

____________________________________

 14.10.2016 жыл, сағ.10.00

«Нұр Отан» БҚО филиалының акт залы

 

 

Құрметті салтанатты

жиынға қатысушылар!

Сіздерді, агроөнеркәсіп кешенінің мамандары мен осы салаға зор еңбек сіңірген ардагерлерді келе жатқан ауыл шаруашылығы қызметкерлері мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы қиын кезеңдерді бастан өткерді. Бүгінгі таңда өңіріміздің агроөнеркәсіп кешені айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Кеше ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады.

Елбасы құттықтауында ауыл шаруашылығындағы жетістіктерге тоқталып өтіп, «осының барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі – егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді. Бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін» деп алғыс білдірді.

Сонымен қатар ел Президенті «Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын перспективалы салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз» деп атап өтті.

Халқымызда «ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген өсиетті сөз бар. Расында да, ұлтымыздың тамыры – ауыл, тағдырымыз да соған байланысты.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту – бұл 443 ауылдық елді мекенді өркендету, облыс тұрғындарының жартысынан астамын (51,5%-ын, 329 мың тұрғындарын) қолдау болып табылады.

Мемлекет тәуелсіздік жылдары бұл салаға айрықша назар аударып, ерекше көңіл бөліп келеді.

Тек 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 8,3 млрд. теңге қаражат жұмсалды (2014 ж. 4,9 млрд теңге, 2015 ж. 7,1 млрд.теңге). Сонымен қатар 2016 жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға шаруашылықтармен 3,6 млрд. теңге «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы несие ресурстары тартылды.

2013 жылдан бастап облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарымен «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы 19,0 млрд. теңге несие ресурстары тартылған болса, соның ішінде 4,2 млрд. теңгеге 1055 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырғылары лизинг бойынша сатып алынды.

Жоғарыда атап өткенімдей, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін басқа салалар секілді аграрлық сектор да, «алтын бесігіміз» ауыл да күйзелісті басынан кешірді.

Өз тарихында қандай да болмасын қиын-қыстау кезеңді  абыроймен өткерген халқымыз, осы сәтте де маңдай тер, адал еңбегімен ауыл шаруашылығын қайта қалпына келтірді.

Мысалға, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері ауыл шаруашылығы саласынан түсетін жалпы өнім 16 есеге өскен (7 миллиард теңгеден 107 миллиард теңгеге дейін).

1991 жылдары майлы дақылдардың алқаптары 27 мың гектар болса, ағымдағы жылы әртараптандырудың нәтижесінде  екі есеге өсіп, 53 мың гектарды құрап отыр.

Сондай-ақ картоп, көкөніс-бақша дақылдарының егіс көлемі де екі есеге өсіп, күні бүгін 12 мың гектарға жетті (1991 жылы 6,3 гектар болатын).

Біздің өңіріміз – асыл тұқымды «Көшім» жылқысы, қазақтың ақбас сиыры мен «Еділбай» қойының отаны.

Соңғы 20 жылда ірі қара мал басы 30%, қой мен ешкі50%, жылқы60%, құс саны 130% артты.

Бүгінгі таңда Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі шаруаларымыздың аяғына нық тұруына, бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде барлық жағдай жасалуда.

Үсіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларындағы есеп бойынша ауыл шаруашылығының ішкі тауарайналымы 14,4 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде экспорт 2,4 миллиард, импорт 12,0 миллиард теңгені құрайды.

Біздің өңір ірі қара мен ұсақ мал етін мұздатып та, сонымен қатар тірілей де экспортқа шығарады. Бұған қоса балық өнімдері, ұн мен ұн өнімдері, майлы дақылдар, макарон өнімдері және де басқа тауарлар шетке шығарылады. Ресей, Испания, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Өзбекстан мен Украина секілді мемлекеттер – біздің сауда-саттық саласындағы тұрақты әріптестеріміз. «Ірі қара етін экспорттауды өрістету» бағдарламасы бойынша аталмыш елдерге соңғы  бес жылда 7 300 тонна ет пен ет өнімдері жөнелтілді.

       Агросекторды мемлекеттік қолдаудың арқасында, сондай-ақ жерді баптау мәдениетінің артуы, ауа райының қолайлы болуы және ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде облыс диқандары биыл жылдан-жылға ұласқан қуаңшылықтан кейін рекордтық деңгейдегі ырыздық жинап, ел-жұртты қуантты. Ағымдағы жылы бидай дақылдары бойынша 318 мың тонна мол өнім жиналды. Бұл былтырғы межеден (95,4 тонна) 35 есе артық. Биылғы орташа түсім гектарына 15 центнерді құрады.

         Біз бүгін күздік бидай дақылынан гектарына 52,3 центнерден өнім алған Зеленов ауданындағы «Алтын бидай» шаруа қожалығын, жетекшісі Мұқашев Бекболат Құспанұлы, «Матевосян» шаруа қожалығын, жетекшісі Матевосян Саркис Александрович (50 ц/га), Шевчук Владимир Васильевич басқаратын  «Достық» шаруа қожалығын (41ц/га) және үздік нәтиже көрсеткен өзге де шаруашылықтарды орынды мақтан тұтамыз.

         Біздің өңір өз тарихында ауыл шаруашылығы бойынша көптеген айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, 1958 жылы облыс мемлекетке 50 миллион пұт (800 мың тона) астық тапсырғаны үшін «Ленин» орденімен марапатталғаны мәлім.

          Тәуелсіздік жылдары шаруашылық жүргізу тәсілдері мен меншіктік қатынастар өзгеріп, енді тауар өндіруші төл еңбегінің жемісі – өз тауарының тағдырын өзі шешеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілуде. Мысалы, асыл тұқымды мал өсіріп, одан өнім өндіруге, жайылымдарды суландыруға, өсімдік өнімдерін өндіру барысындағы тауарлық-материалдық шығындар мен инвестициялық салымдарға мемлекет тарапынан демеуқаржылық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ лизингке алынған техниканың ақысын төлеу бойынша да жеңілдіктер қарастырылған. Ұзын саны ауыл шаруашылығына қатысты демеуқаржының 15 түрі бар.

         Агрокешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның сәтті жүзеге аса бастауы осы салаға қатысты тауарөндірушілерге қанат бітіріп, болашаққа сеніммен қарауға негіз болуда. 2016 жылдың сегіз  айы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі облыс аумағында 63,3 млрд. теңгені құрады. Бұл – өткен жылғы межемен салыстырғанда 106,7%-ға жоғары көрсеткіш. Әрі бұл көрсеткіш республика бойынша алғашқы бестікке енетін деңгей.

      Әлеуметтік маңызы бар деп есептелетін азық-түліктің 33 түрінің 24-ін жергілікті тауар өндірушілер өндіреді. Соның тоғыз  түрімен (бірінші сұрыпты нан, вермишель, лапша, рожки, ірі қара мен қой еті, пияз, қызылша, картоп) облыс халқы толық қамтылған. Біздің өңірде өндірілген өнімдер облыс орталығындағы сауда нүктелерінде саттыққа шығарылады. Бұған қоса «Кублей», «Мартин», «Батыс продукт» және «КАЗКОН» секілді бірқатар іргелі кәсіпорындардың өнімдері республиканың барлық аймағына жөнелтіліп, тіпті алысты-жақынды шетелдерге де шығарылады. Манадан бері тілге тиек болған зор жетістіктер – ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің тәтті жемісі. Біздің өңірдің ауыл шаруашылығын өркендетуге осы залда отырған сіздер де айтулы үлес қосып жүрсіздер!

Ауыл шаруашылығының тиімді дамуы – ирригациялық жүйесімен тікелей байланысты.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ирригациялық жүйені жаңғырту және жайылымды жерлерді суландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде.

Өздеріңізге мәлім, Казталов ауданындағы Үлкен өзенге Жайық-Көшім жүйесінен бассейнаралық суды жіберу үшін Киров-Шежін каналын қайта жаңғырту жұмысы басталды. Жобаның мақсаты – Ресейден алынатын Еділдің 30 млн. текше метр суына тәуелділікті азайту және облыстың оңтүстік аудандарының 6 мың гектар көлтабандарын суару жүйесін жаңғырту жұмыстары атқарылып, 130 мың гектар жерді суармалы етуге мүмкіндік береді.

Сол аумақта орналасқан Казталов және Жаңақала аудандарының елдімекендері Киров-Шежін каналының тазартқыш қондырғылары арқылы ауыз су пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Биыл бірінші кезең жұмыстары аяқталды (55 шақырым), сонымен қатар қарашаның басында екінші кезең жұмыстары аяқталады (75 шақырым). Жобаны жүзеге асыру үшін үшінші кезеңнің жобалық-сметалық құжаттамасы осы жылдың аяғына дейін әзірленеді (49 шақырым, оның 18,8 шақырымы жаңа каналдың құрылысы).

Үшінші кезеңді жүзеге асыруды келесі жылдың бюджетіне енгізу бойынша жұмыстанып жатырмыз.

Бұл жұмысты атқаруда ел Үкіметі тарапынан, уәкілетті министрліктердің тарапынан қолдау тапқандығын атап өткен жөн.

Ағымдағы жылы Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Теректі аудандарының  66 су шаруашылығы нысандарының құжаттарын және 3 су шаруашылығы нысандарының жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға (106 млн.теңге) қаражат бөлінді.

Сондай-ақ Сырым ауданы Шолақ-Аңқаты су қоймасының құрылыстарын қалпына келтіру (5,6 млн.теңге), Өлеңті көлтабанды суару жүйесін жаңғырту жұмыстары (18 млн.теңге) басталды. Теректі ауданы Жайық-Шалқар суландыру каналының насос станциясының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді, осы бағыттағы жұмыстар келесі жылы басталатын болады.

Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолайлы жағдай жасалуына және мал шаруашылығының дамуына септігін тигізеді.

Ауылды көтеру дегеніміз тек аграрлық секторды дамыту ғана емес, сонымен бірге елді мекендердің инфрақұрылымын күшейту, ауылдағы шағын және орта бизнесті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Мектептер, балабақшалар, мәдениет және денсаулық сақтау ғимараттары салынып, ескі әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтуде.

Ауылдық елді мекендерді дамыту қолданыстағы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалармен, облыстың аумақтарды дамыту бағдарламасымен жүзеге асырылуда.

Биылғы жылдың өзінде  өңірімізде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен 58 білім беру, 4 денсаулық сақтау, 32 мәдени нысандар, 7 бөгеттер мен көпірлер, 4 ауылдың ішкі көшелері жөндеуден өткізіліп, саябақтар, ойын алаңдары мен спорт алаңдарын абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары атқарылды.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде күні бүгін аудан тұрғындарының 98%-ы электр жарығы және телефон байланысымен, 93,4%-ы - табиғи газбен қамтылды.

Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 284 адамға 787 млн. сомада шағын несие берілді. Нәтижесінде 708 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Бұлардың барлығы үкімет тарапынан ауылдың дамуы мен өсуіне бағытталған үлкен қолдауды білдіреді.

 

Құрметті әріптестер!

Әрине, атқарылған шаруа аз емес, бірақ алдымызда әлі де бірнеше міндеттер тұр. Соларға тоқталып өтсек.

Біріншіден, ауылдық елді мекендердегі тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету өткір мәселе болып отыр. Облыс халқын таза да сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бұл кезек күттірмейтін және аса маңызды міндет.

Бүгінгі таңда «Ақбұлақ-2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде облысымызда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған 163 ауылдық елді мекен бар. Бұл бағыттағы жұмысты бізге едәуір күшейту қажет.

Облыс бойынша 280 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылмаған.

Келер жылы Ақжайық, Тасқала, Казталов, Қаратөбе Жаңақала, Жәнібек, Шыңғырлау аудандарындағы 10 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесіне қосуды жоспарлап отырмыз.

Екіншіден, заманауи жаңа технологияларды пайдалана отыра, әлемдік стандарттарға сай ауыл шаруашылығы саласындағы қайта өңдеу кәсіпорындарының санын арттыруымыз қажет.

Соның ішінде өңір тұрғындарының құс еті қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында «Жайық құс» серіктестігі құс фабрикасының құрылысын келесі жылы аяқтап, өндіріске енгізу міндеті тұр.

Сонымен бірге әлемге әйгілі Франция елінің «Лакталис» компаниясының құрылтайлығымен өңірімізде жылына 40 мың тонна өңделген жоғары сапалы сүт өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл өндіріс орнының құрылыс келесі жылы басталып, 2018 жылы аяқталатын болады.

«ПОШ Руно» ЖШС жобалық құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 182 мың дана ірі қара және 624 мың дана ұсақ малдың терісін өңдейтін кәсіпорынның құрылыс жұмыстарын жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық–техникалық университетінде орналасқан, жобалық құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын «Аква мәдениеттің тәжірибелік–өнеркәсіптік өндірісінің оқу ғылыми кешені» ЖШС–нің негізгі қызметі тауарлы бекіре балықтарын өсіріп өндіру болып табылады. Аталған кәсіпорын 2016 жылдың соңына қарай жыл сайын 10 мың тонна қара уылдырық пен 131 тонна тауарлы бекіре етін өндіретін кешенді іске қосуды жоспарлауда.

Үшіншіден, облыс тұрғындарын өзімізде өндірілген көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында заманауи талаптарға сай көкініс сақтау қоймаларын салу қажет. Қазіргі таңдағы қоймалардың сыйымдылығы – 35 мың тонна.  Көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын 60 мың тоннаға дейін жеткізуіміз керек.

Төртіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы 5 жылда республика бойынша 600 мың гектар суармалы жерлерді айналымға қосу мәселесін көтерді. Осы орайда Батыс Қазақстан облысы бойынша 10 гектар тұрақты суармалы жерлерді айналымға қосылуы бойынша жұмыстар атқарылатын болады.

Бесіншіден, облысымызда мал шаруашылығының тез дамуы, азық-түлік өнімдерінің өсуі, сапалы және қауіпсіз болуы ветеринариялық іс-шаралардың уақытылы жүргізілуіне тікелей байланысты. Республика көлемінде мал шаруашылығы және ветеринария саласына жылдан-жылға бөлінген қаржы көлемі артып келеді, мемлекеттік ветеринариялық жүйелер құрылып, олар толығымен материалдық техникамен  жабдықталған.

Біздің облысымызда жылдан-жылға эпизоотикалық ахуалды реттеу бағытындағы жұмыстар біркелкі атқарылғанымен, өңірде әлі де ауыл шаруашылығы жануарлары індеттерінің ошақтары тіркелуде. Сондықтан ветеринариялық профилактикалық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауымыз қажет.

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Ауылшаруашылық саласында еңбек етіп жатқан азаматтарға және ардагерлерге, барлық диқаншылар мен мал өсiрушiлерге ерекше алғысымызды және ризашылығымызды бiлдiремiз.

Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер.

Егер биыл маңызды оқиға – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы болса, келесі жылы Астана қаласында өтетін «EXPO-2017» бүкіләлемдік көрмесі халықаралық қоғамның назарын өзіне аударады. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық қызметкерлері көрменің ұйымдастыруына атсалысады деген сенімдеміз.

Барлықтарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай келе, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, дастархандарыңызға береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін.

 

Батыс Қазақстан облысының

әкімі А.С.Көлгінов

 

 

 

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале