19.01.2016, 16:31
Оқылды: 19

Бұлан мен Жамбылға көгілдір отын келер күн таяу

 

Аудан әкімі А.Шыныбековтің қатысуымен Бұлан ауылының әкімі  Т.Ихсанов Жамбыл ауылы тұрғындары алдында есеп берді. Т.Ихсанов өткен  жылда атқарылған істерді баяндады.


Тұрғындар тарапынан ауыз су, жарық, көне зираттың қоршалуын ауыл ішіндегі қоқыстардың тазартылуын, қаңғыбас бос жүрген иттерді аттыру жөнінде ұсыныстар түсті. Сондай-ақ ауыл адамдары Ұлы Отан соғысының ардагері, ардагер ұстаз Балмағанбет Төлеғұловтың атын Жамбыл ауылының мектебіне беруді сұрады. Брест қорғанында әскери борышын өтей жүріп, соғысты алғашқы күннен бастап қарсы алған Б.Төлеғұлов педагогикалық қызметін соғыстың алдында бастаған. Өмірінің қырық жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған. Соның ширек ғасырында мектеп басқарды. 1954-1960 жылдары Алғабас орта мектебінде, 1960-1979 жылдары Жамбыл негізгі мектебінде директор болған. 1968 жылы “Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің үздігі” белгісімен марапатталған. Сонымен бірге ауылдастары өткен жылы дүние салған, жайсаң азамат, аудандық мәслихаттың үшінші шақырылымының депутаты Ибрагим Жұмабековтың құрметіне спорттық сайыстар өткізуді дәстүрге айналдыруды сұрады.

Сондай-ақ жарық мәселесі де сөз болып, Жамбыл ауылына қуатты трансформатордың қажеттігін және көшеге жарық шамдары қойылса деген тілектерін айтты.

Аудан әкімі аталған мәселелерге орай жарық мәселесі алдағы уақыттарда күн тәртібінде болатынын, ұялы байланыс ауқымын кеңейту шаралары қолға алынатынын айтты. Аудан әкімі Бұлан-Жамбыл ауылдарында шағын кәсіпкерліктің әлі төмен екендігін, осы мәселені дамыту керектігін ескертті. Ең басты жаңалық - биыл Бұлан және Жамбыл ауылдарына көгілдір отын жеткізілетінін сеніммен айтты.

www.zhaikpress.kz

Н. Төлеуішов

Аралтөбе ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале