9.06.2016, 16:00
Оқылды: 20

Бөкейліктер Зеленовтың төрінде

????????????????????????????????????

   «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега жобасы аясында Бөкей Ордасы ауданының делегациясы Зеленов ауданына келді.

   Аудандар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуды көздеген шара Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарға тағзым етуден басталды.


    Аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағындағы салтанатты жиында екі аудан атқамінерлері сұрапыл соғыста қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгі алауға гүл шоқтарын қойды. Одан кейін «Достық» үйіне бас сұққан бөкейліктер ол жердегі «Ақниет» әжелер ансамблі және татар, славян этномәдени бірлестіктерінің жұмысымен танысты. Екіжақты кездесу әрі қарай «Қазақстан – болашағы біртұтас ұлт» атты дөңгелек үстелге ұласты. Оған  БҚО, Қазақстан халқы Ассамблеясы  хатшылығының меңгерушісі Ғайса Қапақов арнайы қатысты.

   Ұлтаралық, дінаралық татулық турасында сөз қозғаған қос аудан делегаттары мега жоба аясында бастау алған достық қарым-қатынастың жалғасатындығына сенім білдірсе, Ғайса Хамидоллаұлы: Қоғамның келісімі – қазақтың келісімі. Көпұлтты мемлекетіміздегі ел иесі ретінде берекелі бірлікке бас болып, барлығымыз ынтымақта болайық. Ұлттық рухымызды сақтап, жаңғырту арқылы өркениет төріне жететінімізді айшықтап, өркені өскен, сауатты, ұйымшыл, бірлігі мол ұлт болғанда ғана Мәңгілік  Ел боламыз,-деді.

   Дөңгелек үстел соңында  екі аудан арасындағы достықты нығайту мақсатындағы арнайы меморандумға қол қойылды.

  Кейін жиналғандар аудандық мәдениет үйінің фойесінде бой көтерген Бөкей Ордасы ауданының терең тарихынан сыр шерткен көрмені тамашалады. Әрі қарай мега жоба бөкейлік көркемөнерпаздардың «Ширек ғасыр шежіресі» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.

    Концерт соңында Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов қонақтарға ықылас гүлі мен естелік сый тарту етсе, Бөкей Ордасының әкімі Нұрлан Рақымжанов жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, мега жоба эстафетасын зеленовтық әріптесіне табыс етті. Бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен, ел бірлігін нығайтуды мақсат еткен жобаны енді Казталов ауданы қабылдайды.

www.zhaikpress.kz
ЗЕЛЕНОВ АУДАНЫ
Түгелбай Бисен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале