1.04.2016, 16:35
Оқылды: 15

Ел Тәуелсіздігі тойына арналды

Akjayik el tauelsizdiginin toyina arnaldi      Тайпақ ауылындағы колледжінде еліміз Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына арналып ауқымды шара өтті. Оған аудан әкімі Әділ Жоламанов қатысты.

     Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіс осындай барлық бас қосудағы басты бір тақырып екені мәлім. Бұл жолы да азаттығымыздың зор бір қайнары болып табылатын осы ерлік жайында әңгіме болды. Аудан басшысы тұрғындарды Мешін жылымен құттықтап, Тайпақтың байырғы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Зәки Жүнісовті 90 жасымен құттықтап, оған шапан жауып, бағалы сыйлық тапсырды.


     Ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға, колледж директоры Мәлік Қашимовқа, оқытушы Абай Альсейтовқа, электр қадағалау мекемесі директоры Саламат Боранбайұлына, спорт мектебі меңгерушісі Қабдолла Ізімовтарға Алғыс хаттар табысталды.

     Байтақ еліміз үшін еркін өмірдің өткен кезеңі әкелген жетістіктер, өңіріміздің түлеуі жайында кеңінен әңгіме болды.

     Сосын Мешін жылы құрметіне сахналық қойылымдар шеру тартты. Краснояр орта мектебінің ұжымы кешегі Наурыздың бай суреттерін жаңғыртты, «Тұсау кесу» көрінісін қойды. Тайпақ мектеп-гимназиясы мұғалімдері «Қыз ұзату», «Айгөлек» мектепке дейінгі ұйым ұжымы «Бесікке салу», музыка мектебі «Мүшел жас», Байсықов атындағы орта мектеп оқытушылары «Көктем» атты қойылымдарымен жиналғандарға ерекше сұлу әсер сыйлады. Спорт мектебінің азаматтары 45-50 жастағылар үшін қазақ күресі және арқан тартысу сайыстарын ұйымдастырды. Киіз үйден кең жайылған дастарқаннан дәп татты.

     Тайпақ ауылдық округінің әкімі Боранбай Қыдырғожин айтулы күнге атсалысқан колледж ұжымына, басқа да тұрғындарға зор алғысын арнады.

     Шара барысында Тәуелсіздік тойына арналған кітап көрмесі таныстырылды. «Бір ел-бір кітап» – акциясы аясында биылғы жылдың еншісіне Дулат Бабатайұлының шығармалары таңдалғаны жайында кеңінен айтылды. Ауылдың, 55 жыл тарихы бар колледждің өткен жылдары қол жеткізген жетістіктері баяндалды.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале