12.02.2016, 19:31
Оқылды: 27

Ескерткіштерді қорғауға жіті көңіл аудару қажет

Oba taular   Батыс Қазақстан облысы әкімінің жанындағы ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары, аталған кеңес төрағасының орынбасары Бақтияр Мәкен ашқан соң, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысы Талғат Жүсіпқалиев баяндама жасады.


Оның айтуынша, облыс бойынша мемлекет қорғауына алынған 2153 ескерткіштің 1966-сы археология саласына тиесілі болса, 187-сі сәулет және монумент өнерінің туындысына жатады. Бұларды анықтауда БҚО тарих және археология орталығы ұжымының еңбегі зор. Соның нәтижесінде «Батыс  Қазақстан облыстық тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи мұралар жинағының» 14 томдығы жарияланып, әрбір ауданға арналған археологиялық картасы жасалған. Елбасының қолдауымен жүргізілген «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында осы мақсатта екі том жарық көрген. Игі істермен қатар  тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға байланысты мәселелер де баршылық.

 Мәселен, соңғы үш жылда құрылыс жұмыстарының салдарынан 20 ескерткіштің қорғау аймағы бұзылғаны анықталған. Кейбірін атап айтсақ, «Батысгазқұрылыс» ЖШС Лубенка-Егіндікөл бағытындағы газ құбырын тартқан кезде Лебедевка VIII оба кешенінің кей бөлігі ішінара зақымдалған. Кешен 20  төбешіктен және ортағасырлық кесенелерден тұрған. Құрылыс жобасын «USP» ЖШС жүргізген. Ал Жаңақала ауданындағы обалар жанынан «Чапаев-Жаңақала-Мәштексай» талшықты-оптикалық  байланыс желісі тартылғанда, Теректі ауданындағы Подстепный мен Тоқпай ауылдарының аумағында жеке тұрғын үйлер салуға жер телімдері бөлінгенде, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау аймағының шекарасы ескерілмегені белгілі болды.

Облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция мен облыстық тарих және археология орталығының қызметкерлері құрған арнайы комиссия археологиялық ескерткіштерді қорғау бойынша анықталған заңбұзушылықтарға байланысты акт  рәсімдеп, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы билікке хат жолдаған. Бұл ретте ҚР Жер кодексін, ҚР «Тарихи-мәдени мұралар нысандарын қорғау және пайдалану туралы», ҚР «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» заңдарында көрсетілген баптарды және басқа құжаттарды басшылыққа ала отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу маңызды. Тарихи-мәдени ескерткіштер аумағының шекарасын айқындау мен арнайы белгілер қоюға ден қоя кіріскен жөн. Сондай-ақ заңсыз археологиялық жұмыстар салдарынан Қырық-Оба кешені, Сарыөзен қалашығының қорымы, Тас-Оба керуен сарайы, Бөрлі және Зеленов аудандарындағы бірнеше оба тоналған. Облыста көмірқышқыл газын бөлетін Қарашығанақ және Чинарев  кен орындарындағы төбешіктердің сақталу жайы да алаңдатады. Бұл аумаққа арнайы кіру рұқсаты қойылғандықтан, тексеріс жүргізілмей отыр. Талғат Жүсіпқалиев кеңес мүшелерінің сұрағына жауап қайтарған соң, Батыс Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік тізіміне кірген Жайық қалашығын сақтау, туристер тарту және жиында көтерілген өзге мәселелер назарда болатынын   айтты.

- Облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жұмысы бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасау, олардың лауазымдық міндеті екенін жете түсіндіру қажет. Археологиялық зерттеу белсенді жүргізіліп, тізімге алынған ескерткіштердің саны нақтыланып барып, нақты түйін облыс басшылығының назарына ұсынылсын. Тарихи-өлкетану бағытында экскурсияларды жиі ұйымдастырып, бұған жастарды молынан қатыстырған жөн, - деді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. Кеңес отырысы аяқталған соң бір топ зиялы қауым өкілі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.

www.zhaikpress.kz

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале